Мазмұнға өту

Қазақстан 2029 жылға дейін дрондарды дамыту жоспарын бекітті

Ұшқышсыз аппараттарды тіркеу мен ұшу бағыттарын келісу бірыңғай цифрлық платформа арқылы жүргізіледі, ал операторлар сертификатын ХҚКО-да беру жоспарланып отыр.

Дрон патрульной полиции, с помощью которого фиксируют нарушения ПДД

Қазақстан Үкіметі 2026–2029 жылдарға арналған ұшқышсыз жүйелерді дамыту жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Құжат Үкіметтің 2026 жылғы 13 қазандағы № 898 қаулысымен қабылданды. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады. Жоспар бытыраңқы дрон нарығын біріктіруге бағытталған: аппараттарды тіркеу мен ұшуды келісуден бастап отандық өндіріс пен кадр даярлауға дейін.

Дрон иелері мен операторлар үшін басты өзгеріс – «бір терезе» қағидатына көшу. 2029 жылға қарай ұшқышсыз авиациялық жүйелерге арналған бірыңғай цифрлық платформа мен олардың әуе қозғалысын басқару жүйесі (UTM) іске қосылмақ. Өтінім беру, дрондарды есепке алу және тіркеу, сондай-ақ ұшу бағыттарын келісу электрондық түрде жүргізіледі. Операторлар сертификатын мамандандырылған ХҚКО арқылы беру жоспарланған.

Ұшқышсыз аппараттарды бақылау мен қадағалау функцияларының бір бөлігі ІІМ-ге беріледі. Сонымен қатар дрон иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыруды енгізу және байланыс арналарының киберқауіпсіздігіне қойылатын талаптар пысықталып жатыр.

Жоспардың жеке бөлігі өндіріске арналған. Мемлекет дрондарды толық циклмен – аппараттық тораптар мен байланыстан бастап қорғалған отандық бағдарламалық қамтамасыз етуге дейін – елде шығаруды көздеп отыр. Ол үшін бұл өндіріс цифрлық қызметтің басым түрлеріне жатқызылады, өндірушілерге мемлекеттік сатып алуда преференциялар беріледі. Astana Hub резиденттерімен ұзақмерзімді оффтейк-келісімшарттар жасалады, оның ішінде мемлекеттік қорғаныс тапсырысы мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуы бойынша. Экспортқа өнім шығару үшін шикізат пен құрамдас бөліктерді әкелу тәртібі жеңілдетілмек.

2029 жылға қарай кемінде 1 000 маман даярлау көзделген. Олардың қатарында операторлар, конструктор-инженерлер, кіріктірілген бағдарламалық қамтамасыз ету мен жасанды интеллект жүйелерін әзірлеушілер, киберқауіпсіздік және техникалық қызмет көрсету мамандары бар. Сондай-ақ университеттер мен халықаралық компаниялармен бірлесіп кемінде екі R&D-орталық ашылмақ. Барлық өңірдегі мектептерде авиамодельдеу кабинеттері ашылып, дрон басқарудың базалық дағдылары алғашқы әскери дайындық модульдеріне енгізіледі.

Жоспарда вертипорттар, дрон-порттар мен автоматты зарядтау станцияларының желісін құру, салаға радиожиіліктер мен спутниктік арналарды бекітіп беру де қарастырылған. 2027–2028 жылдары жердегі көлікте ұшқышсыз жүк тасымалын сынайтын пилоттық жоба өткізу жоспарланып отыр. Министрлік салалық ведомстволармен бірге дрондарды ауыл шаруашылығында, энергетикада, тау-кен металлургия саласында, логистикада, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта, төтенше жағдайлар мен экологиялық мониторингте қолдану мүмкіндігін зерделейді.

Жоспарды әзірлеуді Премьер-министр 2026 жылғы 10 сәуірде тапсырған. Оны іске асыруға 18 мемлекеттік орган, соның ішінде Көлік және Қорғаныс министрліктері, ІІМ мен ұлттық қауіпсіздік органдары, сондай-ақ әкімдіктер, даму институттары мен квазимемлекеттік компаниялар қатысады. Жұмысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі үйлестіреді. Экспорттық әлеуеті бар кәсіпкерлер мен әзірлеушілер қолдау алу үшін министрлікке жүгіне алады, ал бизнес пен салалық қауымдастықтар жоспарды іске асыру бойынша ұсыныс жолдай алады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз