Жетісу облысында «Алматы – Өскемен» республикалық тасжолының Мұқыры асуындағы 21 шақырымдық жаңа учаскесінде (213–234 км) қозғалыс ашылды. Объект паспорты бойынша оны 2027 жылғы желтоқсанда тапсыру жоспарланған еді, алайда төрт жолақты негізгі жол бір жыл бұрын салынып бітті. Бұл туралы Жетісу облысының әкімдігі хабарлады.
Учаскеде 514 жол құрылысшысы мен 231 бірлік арнайы техника жұмыс істеді, жылжымалы асфальт-бетон зауыты орнатылды. Құрылысшылар 551,4 мың текше метр топырақ жылжытып, кешенді негіз төседі, 42 су өткізгіш құбыр орнатып, көпір салды. Жол жабыны берік қиыршықтас-мастикалық асфальтбетоннан жасалған.
Облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов Мұқыры асуы арқылы қозғалыстың ашылуын өңірдегі жол жұмыстарының басты нәтижесі деп атады. «Алматы – Өскемен» тасжолы мен Талдықорғанды айналып өтетін жолдарда барлығы 159 шақырымды орташа және күрделі жөндеу көзделген: биыл 103 шақырым жөнделді, қалғанын келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Бұл тасжол Алматы мен елдің шығысы арасындағы жүк және жолаушы тасымалы үшін маңызды күре жол саналады. Облыста «Талдықорған – Үшарал» тасжолы салынып, «Үшарал – Достық» жолы қайта жаңартылып жатыр. Өткен жылы «Сарыөзек – Қорғас» бағыты жөндеуден шықты, биыл Сарыөзек ауылын айналып өтетін 7 шақырымдық жол пайдалануға берілді. Әкімдік дерегінше, жыл қорытындысы бойынша облыс жолдарының 96%-ы жақсы және қанағаттанарлық күйде.



