Өз баспанаңыз болғанын қалайсыз, бірақ оған ақша жинау қиын ба? Қазақстанда Отбасы банктің «Өз үйім» атты тиімді ипотекалық бағдарламасы жұмыс істейді. Ол мыңдаған отбасының қолайлы шартпен пәтерге ие болуына көмектесіп келеді.
Бұл ипотеканың ерекшелігі неде? Біріншіден, пайыздық мөлшерлемесі әдеттегі несиеге қарағанда төмен. Екіншіден, жаңа үйден пәтер таңдауға болады. Ең бастысы, банк икемді шарт ұсынады, соның арқасында көп қазақстандық жылжымайтын мүлік сатып ала алады. Бағдарламаның барлық тұсын қарастырайық: пайыздық мөлшерлеме мен қатысушыларға қойылатын талаптан бастап баспана таңдау мен ипотеканы рәсімдеу тәртібіне дейін.
Бағдарламаның негізгі шарттары
«Өз үйім» бағдарламасы пәтерді төмендетілген пайыздық мөлшерлемемен сатып алғысы келетіндерге арналған. Оның шарттары қарапайым әрі түсінікті:
- қарыз сомасы — қарыз түріне, жинаққа және қарыз алушының төлем қабілетіне байланысты (нақты лимитті банктен анықтаған жөн);
- пайыздық мөлшерлеме — жылдық 6%-дан 7%-ға дейін (шарттарға қарай өзгеруі және уақыт өте келе 3,5–5%-ға дейін төмендеуі мүмкін);
- ипотека мерзімі — 25 жылға дейін;
- бастапқы жарна — 20%-дан бастап (жарна неғұрлым көп болса, шарт соғұрлым тиімді);
- қарыз алушының жасы — 18 жастан бастап.
Қарыз алушыға қойылатын талаптар
«Өз үйім» бағдарламасына қатысу үшін қарыз алушы бірқатар талапқа сай болуы керек. Ең алдымен ипотека өтінім берген сәтте шотында кемінде 500 000 теңге жинағы бар Отбасы банк салымшыларына қолжетімді. Депозитіңіз әлі жоқ болса, оны алдын ала ашып, ақша жинай бастау қажет. Сонымен қатар қатысушы әкімдіктегі тұрғын үй кезегінде тұрмауы тиіс.
Банк клиенттің қаржылық жағдайын да ескереді. Өтініш берушінің құжатпен расталған ресми табысы болуы керек: жалақы, кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыс немесе басқа көздер. Бұдан бөлек банк несие тарихын тексереді, ол оң болуы тиіс. Яғни басқа несиелік міндеттемелер бойынша елеулі берешек пен мерзімі өткен төлем болмауы керек.
Тағы бір маңызды фактор — қарыз алушының төлем қабілеттілігі. Банк табыс деңгейін бағалап, клиенттің ипотеканы кедергісіз төлей алатынын есептейді. Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме бастапқы жарнаның мөлшеріне, шоттағы жинақ сомасына, несие мерзіміне және қарыз алушының санатына қарай жеке айқындалады.
Бағдарлама бойынша қандай нысан сатып алуға болады
«Өз үйім» бағдарламасы тек бастапқы нарыққа, яғни Отбасы банкпен серіктес құрылыс салушылардың жаңа үйлеріне қолданылады. Баспананы пайдалануға берілген немесе әлі салынып жатқан, бірақ Отбасы банк мақұлдаған нысандар тізіміне енген үйлерден ғана сатып алуға болады.
Осы бағдарлама бойынша жаңа үйден пәтер алудың артықшылығы — қарыз алушы жаңа тұрғын үй кешенінен жоспарлауы ойластырылған заманауи баспана алады, мұндай кешендердің инфрақұрылымы да көбіне дамыған. Бұл балабақшаға, мектепке және сауда орталықтарына жақын, тұруға ыңғайлы орын іздейтін жас отбасылар үшін ерекше маңызды.
Пәтер таңдағанда барлық тұрғын үй кешені бағдарлама шартына сай келе бермейтінін ескеру керек. Өтінім бермес бұрын құрылыс салушының Отбасы банкпен серіктес екенін тексерген жөн. Мұны банктің ресми сайтынан немесе бөлімшесінен білуге болады.
«Өз үйім» бағдарламасының артықшылықтары
«Өз үйім» бағдарламасы тиімді несиелеу шарттары мен оны басқа ипотекалық ұсыныстардан ерекшелейтін қосымша артықшылықтардың арқасында баспана сатып алуды жеңілдетеді:
- Қарыз алушылар жаңа үйден пәтерді нарықтық бағадан арзанға сатып ала алады. Себебі баспананы Отбасы банктің серіктес құрылыс салушылары қосымша үстемесіз тікелей ұсынады.
- Бағдарлама қатысушылары пәтерді құрылыс кезеңінде үлестік қатысу арқылы сатып ала алады (Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы — «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-ның кепілдігі болған жағдайда). Бұл жылжымайтын мүлікті төмен бағамен алуға, сондай-ақ салынып жатқан үйден жоспарлауына, қабатына және орналасуына қарай қолайлы пәтер таңдауға мүмкіндік береді.
- Бағдарлама қарыз алушының қолындағы жылжымайтын мүлік санын шектемейді. Яғни қазірдің өзінде пәтеріңіз болса да, қосымша баспана сатып алу үшін «Өз үйім» ипотекасын пайдалана аласыз.
- Бағдарлама қатысушылары салықтық жеңілдік алады, бұл қаржылық жүктемені азайтады.
- Сатып алынатын баспана орналасқан жерге тіркелу талап етілмейтіні де ыңғайлы. Ресми тіркеуіңізді өзгертпей-ақ Қазақстанның кез келген өңірінен пәтер сатып ала аласыз.
Төмен пайыздық мөлшерлеме, тиімді баға, жаңа үйден пәтер таңдау мүмкіндігі және салықтық жеңілдік «Өз үйім» бағдарламасын Қазақстанда баспана алғысы келетіндер үшін ең жақсы нұсқалардың біріне айналдырады.
Өтінім беру және ипотека алу кезеңдері
«Өз үйім» бағдарламасы бойынша ипотека бірнеше кезеңмен рәсімделеді. Әрқайсысын қарастырайық.
Шарттарды тексеру және құжат дайындау
Өтінім бермес бұрын банк талаптарына сай келетініңізге көз жеткізген жөн. Мына құжаттарды дайындау қажет:
- жеке куәлік;
- табысты растайтын құжаттар;
- бастапқы жарнаның бар екені туралы анықтама.
Одан кейін Отбасы банктің интернет-банкингіне тіркеліп, Baspana Market порталында бағдарламаға қатысуға өтінім беру керек.
Пәтер таңдау
Баспананы тек Отбасы банкпен серіктес құрылыс салушылардан сатып алуға болады. Олар туралы ақпарат банк сайтында және Baspana Market порталындағы арнайы бөлімде берілген. Ондағы ыңғайлы сүзгілер талабыңызға барынша сай келетін нысанды таңдауға көмектеседі.
Мақұлдауды күту және шарт жасасу
Банк төлем қабілеттілігіңізді тексерген соң ұнаған пәтерді брондай аласыз. Өтінім мақұлданғаннан кейін ипотекалық шартқа қол қою ғана қалады.
Ипотеканы есептеу: қарыз алушы қанша төлейді
Сонымен, ай сайын қанша төлеу керек? Төлем мөлшері несие сомасына, бастапқы жарна мен мерзімге байланысты.
Мысал қарастырайық. Құны 20 млн теңге пәтерді 20%-дық бастапқы жарнамен 20 жылға ипотекаға алдыңыз делік, яғни қарыз сомасы — 16 млн теңге. Мөлшерлеме — жылдық 7%. Ай сайынғы төлем шамамен 124 000 теңге болады.
Бастапқы жарнаны көбейтсеңіз, несие сомасы азайып, ай сайынғы жүктеме де төмендейді. Мысалы, жарна 40% болса (қарыз сомасы — 12 млн теңге), төлем шамамен 93 000 теңге болады. Уақыт өте келе пайыздық мөлшерлеме төмендеп, төлем мөлшері де азаюы мүмкін екенін ұмытпаңыз.
Бұл есеп шамамен алынған: нақты төлем кестесін банк мөлшерлемеңіз бен қарыз түрін ескеріп есептейді.
«Өз үйім» бағдарламасы — жаңа үйден баспананы төмен пайыздық мөлшерлемемен және икемді мерзіммен тиімді шартта сатып алу мүмкіндігі. Ең бастысы — құжатты дайындап, қолайлы нысанды таңдап, қаржылық жүктемеңізді дұрыс есептеу.



