Мазмұнға өту

Астанада бөгет жұмыстарынан кейін Есіл өзені тартылып қалды

Әкімдіктің болжамынша, су әдеттегі деңгейіне шамамен төрт-бес күнде оралады.

Обмелевшее русло реки Есиль в Астане после отвода воды

23 қазанға қараған түні Астанада Есіл өзенінің бір бөлігі күрт тартылып қалды: Кенесары көшесінің басынан Бейсеков көшесіне қарай созылған учаскеде су жағадан шегініп, кей тұста өзеннің түбі көрініп қалды. Қала әкімдігі мұны жоспарлы жұмыстармен түсіндірді. Астана қаласының Құрылыс басқармасы су реттейтін бөгеттің бесінші кезегіндегі жұмыстарды аяқтап, жиналған суды ескі арнамен бұрып жіберген.

Әкімдіктің мәліметінше, су басу жағдайы тіркелмеген, ахуал бақылауда. Бөгеттегі жұмыс аяқталды, су деңгейі көтеріле бастады. Деңгейдің толық қалпына келуіне шамамен төрт-бес күн керек.

Өзеннің тартылғанын алғаш қала тұрғындары байқады. 23 қазан күні таңертең суы шегінген өзеннің суреттері Threads пен Telegram желілерінде тарады. Тұрғындардың айтуынша, бір күн бұрын өзен толы болған, жағада балықшылар отырған. Ал таңертең Кенесары көшесі тұсындағы учаскеде су жоқтың қасы еді.

Есілдің қала ішіндегі жай-күйі биыл бұған дейін де назар аударған. Аномальды аптап кезінде су азайып, өзен қатты гүлдеді, кей учаскелерде гүлдеу көпжылдық көрсеткіштен асып түсті. Қалалық қызметтер суды механикалық және биологиялық тәсілмен, оның ішінде хлорелла көмегімен тазартты.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз