Мазмұнға өту
2026 жылғы 29 қараша, жексенбі

Трамп отбасының WLFI токені бір тәулікте екі еседен астам арзандады

Құлдырау жобаның резервтік әмиянынан 12 мыңнан астам эфир сатып алынған бағасынан екі есеге жуық арзан сатылған уақытқа тұс келді.

Сувенирная монета криптовалюты эфир (Ethereum) крупным планом
Фото: Wikimedia Commons

АҚШ Президенті Дональд Трамптың отбасымен байланысты World Liberty Financial криптожобасының WLFI токені бір тәулікте 53,1%-ға арзандап, 0,0196 долларға түсті. Бұл деректі Астана уақытымен сағат 10:40-та CoinGecko агрегаторы келтіреді. Айналымдағы токендердің нарықтық құны 621 млн долларға, яғни шамамен 284,5 млрд теңгеге дейін кеміді.

Құлдыраудың ең күрт бөлігі сенбіге қараған түнге тұс келді. TokenPost басылымының дерегінше, Астана уақытымен сағат 10:02-ге қарай WLFI бір сағаттың ішінде ғана 26,4%-ға арзандаған. Сол сағатта Binance, Bybit және OKX биржаларында өсімге жасалған 10,94 млн долларлық мәмілелер мәжбүрлі түрде жабылды. Мұндай жағдай трейдерлер қарызға алынған қаражатпен сауда жасап, баға олардың күткенінен кері кеткенде болады.

Құлдырау жобаның өз резервтік әмиянынан жасалған ірі сатылыммен тұспа-тұс келді. Ончейн-талдаушылар EmberCN мен Yujin байқағандай, әмиян 12 121 эфирді (Ethereum) шамамен 20,06 млн долларға, әр монетасын орта есеппен 1 655 доллардан сатқан. Жоба бұл криптовалютаны орта есеппен 3 244 доллардан сатып алған, сондықтан мәміледен 19,26 млн доллардай, яғни салған қаржысының жартысына жуығын жоғалтты. Түскен қаражат долларға байланған криптовалюталар – стейблкоиндерге айырбасталды: 17,58 млн USDC және World Liberty-дің өз стейблкоині USD1-ден 2,48 млн. Мәміле туралы толық деректі Lookonchain сервисі жариялады. Жарияланым сәтіне дейін World Liberty Financial ресми түсініктеме берген жоқ.

Сатылым криптовалюта нарығындағы жалпы құлдырау аясында өтті: CoinGecko дерегінше, биткоин бір тәулікте 3,2%-ға арзандап, 59,7 мың долларға, ал эфир 5%-ға арзандап, 1 655 долларға түсті.

World Liberty Financial 2024 жылы іске қосылған. Жобаның негізін қалаушылар қатарында Трамптың ұлдары Эрик, Дональд кіші және Бэррон аталады, ал бас директоры – АҚШ Президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффтың ұлы Зак Уиткофф. Қазіргі құлдырауға дейін де WLFI жыл басынан бері құнының 66%-дан астамын жоғалтқан. Қараша басында, АҚШ-тағы аралық сайлаудан кейін жоба токендерді кері сатып алатынын жариялаған, деп хабарлаған CoinDesk. Бірақ бұл бағаны ұстап тұра алмады: 6 қарашада WLFI шамамен 0,047 доллар тұрған, содан бері ол екі еседен астам арзандады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз