Әлемдегі ең ірі Норвегияның әл-ауқат қоры 3 желтоқсанда өтетін Tesla акционерлерінің жылдық жиналысында Илон Маскінің 2025 жылғы сыйақысына қарсы дауыс береді, деп хабарлайды Bloomberg. 2,2 трлн долларлық (шамамен 1 мың трлн теңге) қорды Норвегия Орталық банкінің бөлімшесі Norges Bank Investment Management (NBIM) басқарады.
Сонымен бірге қор Маскіні компанияның директорлар кеңесіне қайта сайлауды қолдайды. Сыйақыға қарсы дауыс беруінің себебі – қор Tesla-дан басшылыққа төленетін ақы жөнінде көбірек ашықтық күтеді: қордың пікірінше, директорлар кеңесі әр төлемнің түсінікті іскерлік негізі болуын қадағалауы керек.
Жиналыстағы сыйақы жөніндегі дауыс беру ұсыным сипатында болады: ол акционерлердің көңіл-күйін көрсетеді, бірақ Tesla-ны ештеңе өзгертуге міндеттемейді. Компания есебінде Маскінің 2025 жылғы сыйақысы 158,36 млрд доллар (шамамен 72,5 трлн теңге) деп көрсетілген. Бұл сома Tesla алға қойған мақсаттарды орындаса, Маскіге 10 жылда 1 трлн долларға дейін әкелуі мүмкін акциялар пакетіне байланысты. Сондай-ақ акционерлер Маскінің өзін, директорлар кеңесінің төрайымы Робин Денхолмды және Tesla-ның негізін қалаушылардың бірі Джей Би Страубелді үш жылға, 2029 жылға дейін қайта сайлау-сайламауды шешіп, PwC аудиторын бекітеді. Директорлар кеңесі барлық тармақ бойынша «қолдаймын» деп дауыс беруге шақырады.
Норвегия қоры Маскінің ақысына алғаш рет қарсы шығып отырған жоқ. Ол оның 2018 жылғы пакетіне, 2024 жылы 56 млрд долларлық төлемді қайта бекітуге және 2025 жылғы қарашадағы триллиондық пакетке қарсы дауыс берген. Әр жолы акционерлердің көпшілігі бәрібір Маскіні қолдады, ал Маск 2024 жылғы дауыс беруден кейін NBIM басшысы Николай Тангеннің Ослодағы кешкі асқа шақыруынан бас тартқан. Жақында Маск басқа жомарттығымен де жаңалықтарға ілікті – ол АҚШ балаларына жыл сайын SpaceX акциясын сыйлауға уәде берді.



