Соңғы есепті аптада Қазақстанның тоғыз өңірінде ЖРВИ-мен сырқаттанушылық алдыңғы аптамен салыстырғанда өсті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Informburo.kz сұранысына берген жауабында хабарлады.
Сырқаттанушылық Астанада, Маңғыстау, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарында өскен. Жалпы ведомство бағалауынша, ЖРВИ бойынша жағдай күз бен қысқа тән маусымдық деңгейде қалып отыр.
Эпидемиялық маусым басталғаннан бері елде ЖРВИ-дің шамамен 1,5 млн жағдайы тіркелген, оның 133 мыңы – соңғы аптада. Науқастардан көбіне риновирус, бокавирус және аденовирус анықталады. Қыркүйектің басынан бері тұмаудың 297 жағдайы тіркелді: оның 295-і – A(H1N1)pdm09 типі, екеуі – B типі. A(H1N1)pdm09 тұмауы «шошқа тұмауы» деген атпен белгілі: 2009 жылы ол пандемия тудырған, қазір бұл штамм стандартты маусымдық вакциналардың құрамына кіреді.
Алматы сырқаттанушылық өскен өңірлер тізіміне енбеді. Алайда бұған дейін қала тұрғындары әлеуметтік желіде аурухананың қабылдау бөлімдеріндегі кезекке шағымданған еді – олардың айтуынша, онда кейде 50 адамға дейін күтеді. Осыдан кейін қалалық денсаулық сақтау басқармасы медициналық ұйымдарда төсек саны көбейтілгенін хабарлады.
Стационарларға түсетін жүктеме бүкіл елде артып келеді: бұған дейін министрлік 13 өңірде қосымша 1724 төсек ашылғанын хабарлаған, ауруханаға түскендердің басым бөлігі – балалар. Шығыс Қазақстан облысында ЖРВИ салдарынан төрт сынып қашықтан оқуға көшті.



