Талдықорғанда Республика күні қарсаңында ауысымына 500 адам қабылдайтын жаңа қалалық емхана ашылды. Ол қаланың қарқынды салынып жатқан бөлігіндегі 62 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Ашылу рәсіміне Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қатысты.
Ауданы 11 562,7 шаршы метр болатын бес қабатты ғимарат алғашында сот органдарына арналып жобаланған. Облыс құрылғаннан кейін жоба тұрғындардың қажетіне қарай өзгертілді. Емханада 32 дәрігерлік учаске бар, штат 445 бірлікке есептелген. Мұнда МРТ, компьютерлік томограф, рентген аппараты мен маммограф орнатылды, жеке зертхана жұмыс істейді.
Ғимаратта отбасы денсаулығы орталығы, күндізгі стационар және Талдықорғандағы алғашқы амбулаториялық хирургия орталығы орналасқан. Онда аз инвазивті араласулар жасалады. Емхана мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген.
Медициналық кадрларды тарту үшін өңірде көтерме жәрдемақы төленеді: қалаға көшіп келген дәрігерлерге – 5 млн теңге, ауылға жұмысқа баратындарға 10 млн теңге беріледі. Әкімнің айтуынша, облыста дәрігер тапшылығы екі еседен астам қысқарған.
Жетісу облысы 2022 жылы құрылды. Содан бері мұнда 149 медициналық нысан салынды, оның 59-ы ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба бойынша бой көтерді. Тағы 15 нысан күрделі жөндеуден өтті.



