Ресей әскерилері 25 қазанда, жексенбі күні Херсонның Орталық ауданында жолаушылары бар маршруттық таксиге шабуылдаушы дронмен соққы берді. Шабуыл Киев уақытымен шамамен сағат 15:11-де (Астана уақытымен 18:11-де) болды. Алты адам жараланды, олардың бірі — 67 жастағы ер адам кейін ауруханада көз жұмды. Бұл туралы Херсон қалалық әскери әкімшілігінің басшысы Ярослав Шанько хабарлады.

Қалалық әскери әкімшіліктің мәліметінше, маршруттық таксиде қарапайым қала тұрғындары келе жатқан. Зардап шеккен алты адамның бәрі ауруханаға мина-жарылыс жарақатымен жеткізілді. Дәрігерлер жарылыс пен жарқыншақтан алған жарақатты осылай атайды. Әкімшілік нақтылағандай, жараланғандардың арасында 21, 63 және 67 жастағы үш әйел мен 52, 67 және 68 жастағы үш ер адам бар. Медиктер бесеуінің жағдайын орташа ауырлықта деп бағалады.
67 жастағы ер адам ауруханаға өте ауыр халде түсті, реаниматологтар оның өмірі үшін күресті. Кешке қарай Ярослав Шанько оны құтқарып қалу мүмкін болмағанын хабарлады. «Өкінішке қарай, ауруханада 1959 жылы туған ер адам көз жұмды. Қажетті реанимациялық шаралар жасалғанына қарамастан, зардап шегушіні құтқару мүмкін болмады», — деп жазды әкімшілік басшысы. Ол марқұмның туған-туыстарына көңіл айтты.
Төменде — Ярослав Шаньконың маршрутка жолаушысының қазасы туралы жазбасы.
Херсон облысының полициясы соққының мән-жайын анықтап, оны Ресей армиясының кезекті әскери қылмысы ретінде құжаттап жатыр. Бейбіт адамдар мінген азаматтық көлікке шабуыл жасау — бейбіт қалаға жасалған лаңкестік соққы. Маршруттық такси әскери нысана бола алмайды.

Бұл күні Херсонға жасалған жалғыз шабуыл емес еді. Жергілікті билік хабарлағандай, Киев уақытымен шамамен сағат 09:00-де (Астана уақытымен 12:00-де) ресейлік дрон қаланың Днепр ауданында 64 жастағы әйелді жаралады. Ол ауруханаға орташа ауырлықтағы жағдайда жатқызылды.
Херсонды Украинаның қорғаныс күштері 2022 жылғы қарашада азат етті. Содан бері қала үздіксіз атқылауда: Ресей әскері Днепрдің сол жағалауында тұрып, қаланы артиллериямен, басқарылатын авиабомбалармен және дрондармен соғып жатыр. «РБК-Украина» деректеріне қарағанда, қалада соғысқа дейінгі халықтың 20 пайызға жуығы ғана қалған, ал жыл басынан бері атқылау шамамен 2,5 есе күшейген. Бұған дейін, 17 қазанда басқыншылар Херсонға басқарылатын авиабомбалармен соққы берген. Сол кезде жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі қаза тауып, он шақты адам жараланды, олардың арасында нәресте де болды.
Ресейлік дрон операторларының Херсон өңіріндегі бейбіт тұрғындарды аңдуын украиндар «адамға сафари» деп атайды. 2025 жылы БҰҰ-ның Украинадағы бұзушылықтарды тергеу жөніндегі тәуелсіз халықаралық комиссиясы Херсон облысында ресейлік дрондардың бейбіт тұрғындарға жүйелі түрде шабуыл жасауын адамзатқа қарсы қылмыс деп таныды. Көшедегі және көліктегі адамдарға мұндай соққылар басқа да майдан маңындағы қалаларда болып жатыр. Сол күні таңертең басқыншылар Запорожьедегі аялдамаға дронмен соққы беріп, үш ер адамды жаралады.



