Мазмұнға өту

Бразилия президент сайлап жатыр: Лула мен Флавио Болсонару тартысы

Бірінші турда сотталған бұрынғы президенттің ұлы Луладан екі пайызға жуық озып шықты, енді қазіргі мемлекет басшысы төртінші мерзімге сайлана ма, жоқ па — соны осы тур шешеді.

Избиратели приходят на участок в Сидади-Эструтурал в Бразилиа во втором туре президентских выборов 25 октября 2026 года

Бразилияда 25 қазан, жексенбі күні президент сайлауының екінші туры өтіп жатыр. Қазіргі президент, Еңбекшілер партиясының өкілі Луис Инасиу Лула да Силваға Либералдық партиядан түскен Рио-де-Жанейро штатының сенаторы Флавио Болсонару қарсы шықты. Ол — бұрынғы президент Жаир Болсонарудың ұлы. Сайлау учаскелері Бразилиа уақытымен сағат 08:00-де ашылып, 17:00-де (Астана уақытымен 26 қазанда сағат 01:00-де) жабылады. Одан кейін Жоғарғы сайлау соты дауыс санау нәтижесін жариялай бастайды.

Сайлау органдарының дерегінше, елде 158,7 млн-ға жуық адам дауыс беруге құқылы. Бразилияда сайлауға қатысу міндетті болса да, бірінші турда 33,47 млн сайлаушы учаскеге келмеген, сайлаушылардың белсенділігі 78,92% болды. Екінші турда президентпен қатар алты субъектіде — Акри, Амазонас, Федералдық округ, Эспириту-Санту, Риу-Гранди-ду-Норти және Токантинс штаттарында губернатор да сайланады.

Екі үміткер де таңертең дауыс берді. Флавио Болсонару Рио-де-Жанейродағы мектептердің бірінде дауыс беріп, «нағыз өзгерістер уақыты келді» деп мәлімдеді. Лула Сан-Паулу маңындағы Сан-Бернарду-ду-Кампу қаласында дауыс берді. Ол кәсіподақ көшбасшысы ретіндегі жолын осы қалада бастаған.

4 қазанда өткен бірінші турда Флавио Болсонару озып шықты. Сайлау сотының қорытынды дерегі бойынша, ол 47,03% (56,1 млн) дауыс жинады, ал Лула 45,16% (53,9 млн) дауыс алды. Үміткерлердің ешқайсысы 50%-дан астам дауыс ала алмағандықтан, қайта дауыс беру қажет болды. Екінші тур алдындағы соңғы сауалнамалар үміткерлердің мүмкіндігі тең екенін көрсеткен.

80 жастағы Лула жеңсе, президент қызметіне төртінші рет сайланады. Оның қарсыласы солшыл үкіметті сынап, Дональд Трамп әкімшілігіне жақын екенін алға тартып келеді әрі Вашингтонмен Бразилияға тиімдірек келісімдер жасауға уәде береді. Флавио Болсонару әкесіне рақымшылық жасатуға күш салатынын да айтты. 2025 жылы Жоғарғы федералдық сот Жаир Болсонаруды 2022 жылғы сайлаудан кейін биліктің Лулаға өтуіне кедергі жасамақ болған іс бойынша 27 жыл 3 айға бас бостандығынан айырған. Флавионың өзіне қатысты да тергеу жүріп жатыр: ол банкир Даниэл Воркародан әкесі туралы фильм үшін шамамен 12 млн доллар алған.

Сайлау науқаны АҚШ-пен қарым-қатынас шиеленіскен тұста өтті. Вашингтон бразилиялық экспортқа жоғары баж салығын енгізген. Лула сайлауға американдық тарап араласуы мүмкін екенін ескерткен, ал екінші тур қарсаңында Бразилия Аргентина президенті Хавьер Милейді сайлау үдерісіне араласты деп айыптады. Жеңімпаз 2027 жылғы қаңтарда қызметіне кіріседі және Жоғарғы федералдық соттың 11 судьясының кемінде үшеуін тағайындайды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз