Мазмұнға өту

ChatGPT iCloud поштасы мен күнтізбесімен жұмыс істей бастады

Жаңа плагиндер барлық тарифте, оның ішінде тегін нұсқада қолжетімді, ал чат-бот хаттарды оқып қана қоймай, жібере де алады.

Иллюстрация: сервисы iCloud и чат-бот ChatGPT
Фото: 9to5Mac

OpenAI компаниясы ChatGPT-ті Apple поштасы мен күнтізбесіне қосты. Компания 27 қазанда iCloud Mail және iCloud Calendar деген екі жаңа плагинді таныстырды. Енді iPhone мен Mac иелері пошта қосымшасын ашпай-ақ чат-боттан керек хатты табуды, кіріс хаттарды қысқаша баяндап беруді немесе кездесуді басқа уақытқа ауыстыруды сұрай алады.

Плагин – ChatGPT-ке басқа сервиске кіруге мүмкіндік беретін қосымша. Бұған дейін чат-бот Gmail мен Google Күнтізбесімен осылай жұмыс істейтін, енді мұндай мүмкіндік Apple пайдаланушыларына да ашылды. Плагиндер барлық тарифте, соның ішінде тегін нұсқада қолжетімді. Оларды веб-нұсқада, компьютерге арналған қосымшаларда және iOS жүйесінде пайдалануға болады. Pro тарифіне жазылғандар поштасы мен күнтізбесін OpenAI-дың фондық режимде жұмыс істейтін жеке ЖИ-көмекшісі Dots-қа да сеніп тапсыра алады.

Плагиндер мынаны істей алады:

  • iCloud Mail-дағы хаттарды іздеп, оқиды, кіріс хаттар мен жобаларды реттейді;
  • хат жібереді және iCloud контактілерінен мекенжай табады;
  • iCloud Calendar-дағы жақын оқиғаларды көрсетеді, жаңасын қосады және барын өзгертеді. Бұл iPhone-дағы стандартты «Күнтізбе» немесе iCloud-пен синхрондалған басқа қосымшалар арқылы енгізілген оқиғаларға да қатысты.

Шектеулер де бар. Пошта плагині тек Apple жәшіктерімен, яғни @icloud.com, @me.com және @mac.com мекенжайларымен жұмыс істейді. iPhone-дағы «Пошта» қосымшасына Gmail немесе Outlook қосылған болса, ChatGPT ол хаттарды көрмейді.

Функцияны іске қосу үшін ChatGPT-те плагинді белсендіріп, Apple аккаунтына кіру керек. Сондай-ақ пошта мен күнтізбе үшін жеке-жеке қосымша құпиясөзін жасау қажет. Apple мұндай құпиясөзді басқа бағдарламаларға негізгі құпиясөздің орнына береді. Оны кез келген уақытта қайтарып алуға болады, ал жасау үшін екі факторлы аутентификация қосулы тұруы тиіс. Қалай жасау керегі Apple қолдау қызметінің бетінде жазылған.

ChatGPT Қазақстанда ресми түрде жұмыс істейді, сервистің интерфейсі орыс және қазақ тілдерінде бар. OpenAI жаңа плагиндерге қатысты өңірлік шектеулер туралы хабарлаған жоқ.

Соңғы кезде OpenAI мен Apple арасындағы қарым-қатынас оңай емес. ChatGPT Siri-ге енгізілген алғашқы ЖИ-көмекші болған. Алайда кейін Apple өз ЖИ-модельдерін жаңарту үшін Google-ды таңдады, ал шілдеде OpenAI-ды сотқа берді. Apple оның қызметкерлерін коммерциялық құпияны ұрлады деп айыптайды. Соған қарамастан Apple Creator Studio пакетінің жаңа нұсқасында Pages, Numbers және Keynote ішіндегі чат-бот ішінара OpenAI модельдерімен жұмыс істейді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз