Мазмұнға өту

Вануату жағалауында 6,9 магнитудалы жер сілкінді

Сілкіністен кейін цунами қаупіне байланысты жағалау тұрғындары уақытша көшірілді, бірақ кейін ескерту алынып тасталды.

Землетрясение у острова Эспириту-Санто в Вануату

Тынық мұхитында, Вануатудағы Эспириту-Санто аралының солтүстік-батыс жағалауында 24 қазанда жер сілкінді. Сілкініс жергілікті уақытпен сағат 13:31-де (Астана уақытымен 07:31-де) тіркелді. Алғашында магнитудасы 7,2 деп бағаланып, кейін АҚШ Геологиялық қызметі (USGS) оны 6,9-ға дейін нақтылады. Ошақ шамамен 10 шақырым тереңдікте жатқан, эпиорталығы Бэнкс аралдарындағы Сола қаласынан 200 шақырымдай батыста орналасқан.

Тынық мұхиты цунами туралы ескерту орталығы Вануату жағалауының бір бөлігінде қауіпті толқын болуы мүмкін екенін хабарлады. Ұлттық апаттар салдарын жою басқармасы жағалаудағы тұрғындарды биік жерге шығуға шақырды. Тексеруден кейін мамандар цунами қаупін анықтамады, ескерту алынып, адамдарға үйлеріне оралуға рұқсат берілді. Негізгі сілкіністен кейін әлсіздеу афтершок болды. Зардап шеккендер мен қирау туралы хабар түскен жоқ. Филиппин мен Чили билігі де өз жағалауларына қауіп жоқ екенін мәлімдеді.

Жер сілкінісі Қазақстанда да тіркелді. ҚР Ұлттық ядролық орталығы Геофизикалық зерттеулер институтының Ұлттық деректер орталығының мәліметінше, көлемдік толқындар бойынша магнитудасы 7 болды, эпиорталығы оңтүстік ендіктің 14,05° және шығыс бойлықтың 165,52° нүктесінде орналасқан.

Вануату — Тынық мұхитының оңтүстігіндегі аралды мемлекет. Ол жер сілкінісі жиі болатын Тынық мұхиты отты шеңбері аймағында жатыр. 2024 жылғы желтоқсанда астана Порт-Вила маңында болған 7,3 магнитудалы жер сілкінісі 14 адамның өмірін қиды. Эспириту-Санто — елдің ең үлкен аралы, онда Вануатудың көлемі жағынан екінші қаласы Луганвиль орналасқан.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз