Мазмұнға өту

Грекия парламенті 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіге тыйым салды

Талапты бұзған платформаларға әлемдік айналымның 6%-ына дейін айыппұл салынады, ал пайдаланушының жасын компаниялардың өзі тексеруге міндетті.

Греция-запретит-соцсети-для-детей-младше-15-лет
Греция запретит соцсети для детей младше 15 лет

Грекия парламенті 23 қазанда 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіні пайдалануына тыйым салатын заң қабылдады. Шектеу 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Заң жобасын тек көпшілік орынға ие премьер-министр Кириакос Мицотакистің билеуші «Жаңа демократия» партиясы қолдады. ПАСОК социалистері дауыс беруден қалыс қалды, қалған оппозициялық партиялар қарсы шықты.

Заң бойынша негізгі міндет платформаларға жүктеледі: пайдаланушының жасы жеткен-жетпегенін ата-аналар ғана емес, дәл солар тексеруі тиіс. Компаниялар бұл үшін Kids Wallet немесе Gov.gr Wallet мемлекеттік қосымшаларын пайдалана алады, бірақ заң оларды міндетті етпейді. Цифрлық басқару министрі Димитрис Папастергиу платформа өзге дербес деректерсіз тек пайдаланушының 15 жастан үлкен не кіші екенін ғана білетінін түсіндірді. Шек туған жылмен есептеледі: мысалы, 2012 жылы туған балалар желіге 2027 жылдың қаңтарынан бастап кіре алады. Шектеу ең алдымен Instagram, Facebook және TikTok желілеріне қатысты болады.

Талапты орындамаған компаниялар Еуропаның Цифрлық қызметтер туралы заңы бойынша жылдық әлемдік айналымының 6%-ына дейін айыппұл төлейді. Мемлекеттік министр Акис Скерцостың есебінше, ең ірі үш технологиялық компания үшін бұл сома жиынтығында 48 млрд еуроға жетуі мүмкін.

Оппозиция заңның ғылыми негізі әлсіз, жас тексеру ережелері бұлыңғыр екенін айтып сынап, ЕО-ның ортақ ережелерін күтуді ұсынды. ПАСОК балама нұсқа ұсынған еді: 13 жасқа дейінгі балаларға тыйым салу, ал 13 және 14 жастағы жасөспірімдерге ата-ана бақылауындағы аккаунт ашу.

Мицотакис бұл жоспарды сәуірде жариялап, шараны «қиын, бірақ қажет» деп атаған. Грекия жасөспірімдердің әлеуметтік желіге кіруін шектеген немесе шектеуге дайындалып жатқан жиырмаға жуық елдің қатарына қосылды. Олардың арасында 16 жасқа дейінгі балаларға тыйым салған Аустралия, сондай-ақ Франция бар. Ұқсас заң жобасы Қазақстанда да әзірленіп жатыр.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз