Мазмұнға өту
2026 жылғы 23 қазан, жұма

Тибетте 7 магнитудалы жер сілкінісінен 16 адам қаза тапты

Дүмпу теңіз деңгейінен орташа биіктігі 4,8 мың метрден асатын Нагчу өңірінде кемінде 339 үйді қиратты.

Землетрясение магнитудой 7 в округе Нагчу на севере Тибета

Қытайдың Тибет автономиялық ауданының солтүстігінде 22 қазанда кешке 7,0 магнитудалы жер сілкінісі болды. Синьхуа агенттігінің мәліметінше, 16 адам қаза тауып, 32 адам жарақат алды. Дүмпу Бейжің уақытымен шамамен сағат 22:33-те (Астана уақытымен 19:33-те) Нагчу қалалық округінің халқы сирек орналасқан биік таулы уезінде тіркелді.

Зардап шеккендер туралы деректерді Нагчу төтенше жағдайлар басқармасы жариялады. Жергілікті уақытпен жұма күні сағат 02:25-тегі жағдай бойынша жараланғандардың 11-інің жағдайы ауыр, 21 адам жеңіл жарақат алған. Округтің баспасөз қызметі қала билігіне сілтеме жасап, кемінде 339 тұрғын үй құлағанын хабарлады. Өңірде жер сілкінісі апатына әрекет етудің екінші деңгейі жарияланды, билік келтірілген шығынды анықтап жатыр.

Қытай сейсмологиялық орталығы (CENC) ошақтың тереңдігі 10 шақырым болғанын анықтады. Эпицентрден бес шақырым радиустағы жердің орташа биіктігі шамамен 4864 метр. Негізгі дүмпуден кейін маңайдағы аумақтарда 3–4 магнитудалы афтершоктар тіркелді. АҚШ Геологиялық қызметінің дерегінше, эпицентр Нагчудан шығыс-солтүстік-шығысқа қарай шамамен 190 шақырым, Лхасадан 400 шақырымға жуық жердегі таулы аймақта орналасқан. Жергілікті телеарналар тұрғындардың үйлерінен шығып, түнді далада және көліктерде өткізгенін көрсетті.

Нагчу — Тибеттің ең биік әрі халқы ең сирек округтерінің бірі, аумағының басым бөлігін Тибет таулы қыратының жайылымдары алып жатыр. Өңір Үнді және Еуразия тектоникалық плиталарының түйіскен аймағында орналасқандықтан, мұнда күшті жер сілкіністері жиі болады. 2025 жылғы қаңтарда Тибеттің оңтүстігіндегі Тингри уезінде болған 7,1 магнитудалы жер сілкінісі 126 адамның өмірін қиған еді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз