Мазмұнға өту
2026 жылғы 23 қазан, жұма

Таиланд елден шығатындарға 1000 бат салық енгізуді кейінге қалдырды

Туризм және спорт министрлігі дайындап жатқан 450 баттық жеке кіру алымына бұл шешім әсер етпейді.

Туристический Таиланд, где отложили налог на выезд в 1000 батов

Таиланд Қаржы министрлігі елден шығатын жолаушылардан алынатын, әуе билеттерінің құнына қосылуы тиіс салықты енгізуді кейінге қалдырды. Бұл шешімді 22 қазанда Кірістер департаментімен ақылдасқаннан кейін қаржы министрі Экнити Нититханпрапас жариялады. Министрдің айтуынша, туристік маусымның қызған шағында билік саяхатшылар мен әуе компанияларының шығынын арттырғысы келмейді.

Заң жобасына сәйкес, салықты азаматтығына қарамастан Таиландтан шығатын барлық адам төлеуі керек еді. Нақты мөлшерлемені министрлік қаулысымен бір рет шығу үшін 5000 баттан аспайтын етіп белгілеу көзделген, ал негізгі нұсқа ретінде 1000 бат, яғни шамамен 13,3 мың теңге талқыланған. Құжатты қоғамдық талқылау 30 қыркүйекте басталып, 29 қазанға дейін жалғасуы тиіс болатын. Салықты енгізудің жаңа мерзімі айтылған жоқ: министрлік мәселеге жағдайды сараптағаннан кейін қайта оралатынын мәлімдеді.

Экнити бұл шешімнің себептері ретінде төртінші тоқсанда турист ағынының өсуін сақтап қалу қажеттігін және Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты энергия бағасының қымбаттап, әуе сапарларының құнын арттырып отырғанын атады. Министр сондай-ақ Гонконгте өткен АТЭС қаржы министрлерінің кездесуінде әріптестері Таиландқа саяхаттауға қызығушылық танытқанын және ел жақында қабылдаған Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің жыл сайынғы жиындарынан кейінгі оң ахуалды тілге тиек етті.

Кейінге қалдыру тек елден шығу салығына қатысты. 450 баттық туристік кіру алымын Туризм және спорт министрлігі қадағалайды, үкімет бұл бастамадан бас тартқан жоқ. Таиланд қазақстандық туристер арасында сұранысқа ие бағыттардың бірі болып қала береді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз