Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Бескөл ауылында 22 қазанда жаңа аудандық емхана ашылды. Ол күніне шамамен 250 науқас қабылдауға есептелген және 40 мыңға жуық ауыл тұрғынына қызмет көрсетеді. Ғимарат «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бір жылда салынды, оған Ұлттық қордан 5 млрд теңге бөлінген.
Құрылыс аяқталды, бірақ емхана науқас қабылдауды лицензия мен рұқсат құжаттарын алғаннан кейін бастайды. Ғимаратқа жаңа жабдық орнатылды. Олардың қатарында эхокардиографияға арналған сараптамалық деңгейдегі УДЗ аппараты мен электроэнцефалография аппараты бар. Биыл емханаға 16 жаңа дәрігер келді, оның 12-сі – жас маман.
Ашылу рәсіміне Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әльназарова мен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. «Біз үшін бұл жай ғана жаңа ғимарат емес, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға берілген нақты мүмкіндік», – деді әкім.
Жаңа корпус Қызылжар аудандық ауруханасының аумағында салынды, құрылыс 2025 жылдың күзінде басталған. Осы уақытқа дейін тіркелген тұрғындарды 2004 жылы салынған, аумағы 3,4 мың шаршы метрдей ғимараттағы емхана екі ауысыммен қабылдап келді. Жаңа ғимаратқа көшкен соң қабылдаудың басым бөлігін бір ауысымға ауыстыру жоспарланған.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, соңғы үш жылда өңірде 50 медициналық нысан салынды немесе жаңғыртылды, оның 46-сы – алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары. Денсаулық сақтау министрлігі елде соңғы бес жылда 1,2 мыңнан астам медициналық нысан салынғанын, оның 655-і ауылдық жерде екенін хабарлады. Биыл 32 аудандық аурухана жаңғыртылып жатыр, тағы 56 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілуде.



