Мазмұнға өту

Республика күні қарсаңында елде 10 білім беру нысаны ашылды

Жаңа ғимараттар жалпы 3,2 мыңға жуық орынға арналған, олардың ең көбі Астана мен Алматыда ашылды.

Открытие нового объекта образования в Казахстане ко Дню Республики

Республика күні қарсаңында Қазақстанда 10 жаңа білім беру нысаны жұмысын бастады. Олардың қатарында мектептер, балабақшалар, оқушылар сарайлары және IT-орталық бар. Нысандар Астана мен Алматыда және төрт облыста ашылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады. Жаңа ғимараттар жалпы 3,2 мыңға жуық балаға арналған.

Ең ірі нысандар екі мегаполисте бой көтерді. Астанада жалпы сыйымдылығы 1 500 орындық екі оқушылар сарайы, Алматыда 880 орындық үш балабақша пайдалануға берілді.

Өңірлерде төрт мектеп ашылды. Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда 300 орындық «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернаты, сол облыстағы Көксай ауылында 60 орындық мектеп оқушыларын қабылдады. Шығыс Қазақстан облысының Қыстау-Күршім ауылында 50 орындық мектеп, Ұлытау облысындағы Қаражал қаласында 80 орындық №5 мектептің жаңа ғимараты ашылды.

Ақтөбеде 300 орындық Aqtobe IT Hub оқу орталығы жұмысын бастады. Мұнда балалар жасанды интеллект, робототехника, 3D-модельдеу, бағдарламалау және цифрлық медиа бағыттары бойынша білім алады.

Министрлік дерегінше, 2019 жылдан бері елде 1,1 млн оқушы орнына арналған 1 342 мектеп салынған. Жаңа нысандар оқушы орындарының тапшылығын азайтып, үш ауысымды оқыту мен апатты ғимараттардағы оқу мәселесін шешуге тиіс.

Орын тапшылығы әсіресе халқы жылдам өсіп жатқан қалалар мен өңірлерде байқалады. Мәселен, Ақтауда үш мектеп әлі де үш ауысыммен жұмыс істейді. 2026 жылдың бірінші жартысында елде 30 мектеп пен 30 балабақша пайдалануға берілген.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз