АҚШ Қорғаныс министрлігі мен Lockheed Martin 22 қазанда он жыл ішінде бесінші буындағы кемінде 850 F-35 Lightning II жойғыш ұшағын шығару туралы негіздемелік келісім жасалғанын жариялады. Бұл орта есеппен АҚШ қарулы күштері үшін жылына 85 ұшақ деген сөз. Пентагон 2027 қаржы жылына арналған бюджетте дәл осынша ұшақ сұраған. Құжат шетелдік тапсырыс берушілерге жеткізілімді, қосалқы бөлшектерді, жаңғырту жиынтықтарын және техникалық қызмет көрсетуді де қамтиды.
Тапсырыс көлеміне кепілдік алғаны үшін Lockheed Martin бағдарламаға өз қаражатынан кемінде 7 млрд доллар салуға міндеттенді. Қаражат өндірістік қуатты кеңейтуге, тиімділікті арттыруға және жеткізу тізбегін тұрақтандыруға жұмсалады. Компания дерегінше, шығару қарқыны жылына 156 ұшақ деңгейінде сақталады. Lockheed Martin басшысы Джим Тайклет айқындық артқанда компания өндіріске алдын ала инвестиция сала алатынын айтты. Қорғаныс министрінің сатып алу және жабдықтау жөніндегі орынбасары Майкл Даффи келісімді ведомство қорғаныс өнеркәсібін қолдау тәсілін өзгерткенінің мысалы деп атады.
Әзірге бұл келісімшарт емес. Тараптар жалпы құнды да, бір ұшақтың бағасын да жарияламады: олар жеткізу кестесімен бірге кейінірек келісіледі. Келісім күшіне енуі үшін Конгресс F-35 ұшақтарын көпжылдық сатып алуға рұқсат беріп, қаржы бөлуі тиіс. Мұндай келісімшарттарға қатысты нормалар екі палатаның NDAA қорғаныс заң жобасының нұсқаларында бар. Өкілдер палатасы өз нұсқасын шілдеде қабылдады, ал Сенатта қарау қарашадағы аралық сайлау аяқталғанға дейін кейінге қалдырылды. Қазір Пентагон 11 желтоқсанға дейін күшінде болатын уақытша қаржыландыру заңы бойынша жұмыс істеп отыр. Бұл заң әдетте жаңа бағдарламалар мен көпжылдық сатып алуға тыйым салады.
F-35 – АҚШ жауынгерлік авиациясының ең ауқымды бағдарламасы: әлемде мұндай 1375-тен астам ұшақ пайдаланылады. Конгресс 2026 қаржы жылына 47 ұшақ сатып алуды қаржыландырды. Маусымда АҚШ Есеп палатасы (GAO) міндет атқаруға дайын F-35 үлесі 2021 қаржы жылындағы 67%-дан 2025 жылы 44%-ға дейін төмендегенін хабарлады. Lockheed тұрақты көпжылдық тапсырыстар бұл жағдайды түзеуге көмектеседі деп санайды.
Бұл мәміле Пентагонның қорғаныс өнеркәсібімен жасасып жүрген негіздемелік келісімдерінің жалғасы. Бұған дейін PAC-3 MSE және THAAD зымыран-тосқауылдары бойынша уағдаластыққа қол жеткізілген. Сондай-ақ ведомство Иранмен соғысқа байланысты оқ-дәрі тапшылығын мойындаған еді.



