Павлодар облысында құнарлылығын жоғалтқан 18 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері анықталды. Бұл – 2022 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан зерттеудің нәтижесі. Осы уақыт ішінде мамандар өңірдегі ауыл шаруашылығы алқаптарының 40 пайызын зерттеп шықты. Бұл туралы облыстық жер қатынастары басқармасы хабарлады.
Алдын ала деректер бойынша, шамамен 16 мың гектар жел эрозиясынан, тағы 2 мың гектардай жер топырақтың тұздануынан зардап шеккен. Тұзданған учаскелер негізінен Ертіс бойында – Павлодар, Ертіс және Баянауыл аудандарында, сондай-ақ Аққулы мен Тереңкөл аудандарында орналасқан. Мұндай жерлердің басым бөлігі бұрын суармалы егіншілікке пайдаланылған.
Өңірде жыл соңына дейін тозған жерлерді қалпына келтірудің жол картасын қабылдау жоспарланып отыр. Құжат ғылыми негізде әзірленеді, онда жұмыстың құны есептеледі. Кейін соның негізінде бюджеттен қаражат сұралады. Мониторинг топырақ құнарлылығын, эрозияны, тұздануды, құрғауды, шөлейттенуді және өсімдік жамылғысының жай-күйін қамтиды. Зерттеу Жер ресурстарын басқару комитетімен келісілген жоспар бойынша жүргізіліп жатыр, оған Жерге орналастыру жұмыстарын жүргізу жөніндегі мемлекеттік институт тартылған.
«Біз өңірде жер пайдаланудың негізгі қағидаттарының сақталуын үнемі бақылап отырмыз», – деді басқарма басшысы Мұрат Хамитов. Оның айтуынша, бұған жерді нысаналы мақсатында пайдалану және оның тозуына жол бермеу де кіреді.
Мәселе тек Павлодар облысына қатысты емес. Сенатта «Топырақты қорғау туралы» заң мақұлданған кезде елде зерттелген 53,5 млн гектардың 2,7 млн гектары тозғаны айтылған. Сонымен қатар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылып жатыр: жыл басынан бері 1,2 млн гектар жер қайтарылды.



