Жылжымайтын мүлікті жалға беру — бизнестің ең кең тараған түрлерінің бірі: ол миллиондаған адамды баспанамен, көптеген компанияны жұмыс орнымен қамтамасыз етеді. Бұл салада қосалқы жалдаудың орны ерекше. Ол жалдаушыға уақытша жалға беруші болып, мүлікті үшінші тұлғаларға ұсынуға мүмкіндік береді. Қосалқы жалдау тұрғын үй нарығында да, коммерциялық жылжымайтын мүлікте де белсенді қолданылады: ол шығынды оңтайландыруға және табыс табуға қосымша мүмкіндік береді.
Бұл мақала қосалқы жалдаудың не екенін, оның қандай ерекшеліктері мен қыр-сыры бар екенін және қандай құқықтық жайттарды ескеру қажеттігін тереңірек түсінгісі келетіндерге арналған.
Пәтерді қосалқы жалдау деген не
Пәтерді қосалқы жалдау — жалдаушы (жалға алушы) өзі жалға алған мүлікті үшінші тарапқа жалға беретін жалдау түрі. Ол тікелей жалдаудан өзгеше: онда мүлік иесі (меншік иесі) жылжымайтын мүлкін жалдаушыға өзі тапсырады. Сөйтіп, қосалқы жалдау қатынастар тізбегіне тағы бір буын қосады: меншік иесі – жалдаушы (қосалқы жалға беруші) – қосалқы жалдаушы.
Қазақстанда қосалқы жалдау Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен реттеледі, мұндай келісімдердің шегін де сол белгілейді. Жалдаушы мүлікті қосалқы жалға тек меншік иесінің келісімімен ғана бере алады, ал бұл келісімді жазбаша алған дұрыс. Бұл талап жағымсыз заңдық салдардың алдын алады және барлық тарап өз меншігіне қатысты мәмілелерден хабардар болуына кепілдік береді.
Қосалқы жалдау оның барлық қатысушысына тиімді болуы мүмкін: меншік иелері жалдан тұрақты табыс алады, жалдаушылар пайдаланылмай тұрған алаңды қайта жалға беріп, шығынын азайтады, ал қосалқы жалдаушылар өздеріне керек баспананы немесе коммерциялық үй-жайды, бәлкім, икемдірек шартпен табады. Алайда қосалқы жалдаудың белгілі бір тәуекелдері де бар екенін ұмытпау керек. Мысалы, жалдау шарты мерзімінен бұрын бұзылуы мүмкін, ал бұл қосалқы жалдау шартын да автоматты түрде тоқтатады.
Заңдық қиындыққа тап болмау және барлық тараптың құқықтары мен міндеттерін нақты бекіту үшін шарт жасағанда қосалқы жалдауды реттейтін заң нормалары мен ережелерді мұқият зерделеп, ескеру қажет.

Қосалқы жалдау неге танымал болып барады
Қосалқы жалдаудың танымалдығы түрлі себептерге байланысты артып келеді. Ең алдымен, ол жалдаушыларға да, қосалқы жалдаушыларға да экономикалық тұрғыдан тиімді.
Қосалқы жалдаудың жалдаушылар мен қосалқы жалдаушыларға экономикалық пайдасы
Жалдаушы үшін пәтерді қосалқы жалға беру — жалдау шығынын азайтудың бір жолы. Мысалы, пәтерді жалға алып, оны ішінара немесе толық қайта жалға берсе, жалдаушы жалдау ақысының бір бөлігін немесе түгелін жаба алады. Кейде бұл жалдаушыға жалдау шығынынан тыс қосымша табыс табуға да мүмкіндік береді.
Қосалқы жалдаушылар өз кезегінде тікелей жалдау арқылы қолжетімсіз немесе тиімсіз болатын баспананы ала алады. Бұл әсіресе жылжымайтын мүлікті қысқа мерзімге жалдау қажет болғанда немесе қосалқы жалдау ұсыныстары әдеттегі жалдау мәмілелеріне қарағанда арзанырақ болғанда өзекті.
Тұрғын үй нарығындағы қосалқы жалдаудың сәтті үлгілері
Іс жүзінде қосалқы жалдаудың сәтті үлгілері түрліше болуы мүмкін. Мысалы, кәсіпкерлер пәтерлерді қосалқы жалға беру үшін ұзақ мерзімге жалға алады: осылайша табысын арттырып, тәуекелдерін басқарады. Студенттер көп қалаларда пәтерлерді бөлмелеп жалға беру кең таралған, бұл нысаннан барынша көп табыс табуға мүмкіндік береді.
Тағы бір мысал — пәтерді тәулікпен қосалқы жалға беру. Ол, әсіресе туристік өңірлерде немесе қаланың маңызды нысандарына жақын жерлерде, ұзақ мерзімді жалдаумен салыстырғанда әлдеқайда көп табыс әкелуі мүмкін.
Түптеп келгенде, қосалқы жалдаудың танымалдығы оның жылжымайтын мүлік нарығының қатысушыларына беретін икемділігі мен қаржылық пайдасына байланысты. Дұрыс ұйымдастырылған қосалқы жалдау экономикалық пайда табудың, нарықтың өзгермелі жағдайына бейімделудің және жалдаушылар мен қосалқы жалдаушылардың ерекше қажеттіліктерін өтеудің тиімді құралы бола алады.

Қосалқы жалдауды қалай дұрыс ұйымдастыруға болады
Қосалқы жалдау тиімді әрі заң тұрғысынан таза болуы үшін оны ұйымдастыруға мұқият қарап, бірқатар мәселені егжей-тегжейлі пысықтау керек. Төменде қосалқы жалдауды дұрыс ұйымдастыруға көмектесетін негізгі қадамдар берілген.
Қосалқы жалдауға лайықты нысан таңдау: орналасуы, жай-күйі, инфрақұрылымы
Алғашқы әрі шешуші кезең — қосалқы жалдауға лайықты нысан таңдау. Назар аударатын негізгі факторлар:
- Орналасуы. Нысанның ыңғайлы жерде орналасуы оны әлеуетті қосалқы жалдаушылар үшін тартымды етеді. Мысалы, тұрғын үй инфрақұрылымы дамыған, көлікпен оңай жетуге болатын аудандарда болуы керек, ал коммерциялық нысандар үшін олардың көзге түсетіні және клиенттерге қолжетімділігі маңызды.
- Жай-күйі. Нысанның сапасы мен жай-күйі сұранысқа тікелей әсер етеді және жалдау ақысының деңгейін айқындауы мүмкін. Нысанның жақсы күйде екеніне және шұғыл жөндеуді қажет етпейтініне көз жеткізіңіз.
- Инфрақұрылымы. Нысанның маңында дамыған инфрақұрылымның (дүкендер, саябақтар, білім беру мекемелері) болуы оның тартымдылығын арттырады және қосалқы жалдау құнын көтеруі мүмкін.

Меншік иесімен қарым-қатынас: келісу қажеттігі, шарт талаптары
Қосалқы жалдау сәтті болуы үшін мүлік иесімен нақты әрі ашық қарым-қатынас аса маңызды:
- Келісу. Мәміле жасамас бұрын меншік иесінің қосалқы жалдауға жазбаша келісімі бар екеніне көз жеткізіңіз. Бұл сізді болашақта туындауы мүмкін заңдық проблемалардан қорғайды.
- Шарт талаптары. Жалдау шартында қосалқы жалдауға қандай жағдайда рұқсат етілетіні және оған қатысты кез келген шектеу нақты көрсетілуі тиіс.
Тәуекелдерді басқару: шартты мерзімінен бұрын бұзу, адал емес жалдаушылар
Қосалқы жалдауды басқаруда тәуекел-менеджменттің рөлі зор. Ықтимал қаржылық шығынды азайту үшін шартта оны мерзімінен бұрын бұзу талаптары мен оның барлық тарапқа салдары нақты жазылғанына көз жеткізіңіз. Әлеуетті қосалқы жалдаушыларды тексерсеңіз, адал емес жалдаушылармен байланысты проблемалардан сақтанасыз. Қосымша қорғаныс үшін жалдау тәуекелдерін сақтандыруды пайдалану да ұсынылады.
Қосалқы жалдауды осы жайттарды ескеріп ұйымдастырсаңыз, оның тиімділігін барынша арттырып, тәуекелдерін барынша азайта аласыз.
Қандай жылжымайтын мүлікті қосалқы жалға беруге болады
Қосалқы жалға жиі берілетін нысандардың негізгі түрлері:
- Пәтерлер. Оларды ұзақ мерзімге де, қысқа мерзімге де, соның ішінде тәулікпен де жалға беруге болады. Мұнда көп нәрсені ескеру керек: баспананың жай-күйін, орналасқан жерін, қажетті тұрмыстық техника мен жиһаздың бар-жоғын.
- Кеңсе үй-жайлары. Қосалқы жалға берілетін кеңселер жайлылық пен функционалдылықтың белгілі бір талаптарына сай болуы тиіс: интернетке қосылу мүмкіндігі, тұрақ орындары мен күзет болуы керек. Кеңсенің орналасқан жері де шешуші мәнге ие, өйткені қызметкерлер мен клиенттерге ыңғайлылығы соған байланысты.
- Сауда алаңдары. Бұл нысандарға дүкендер, сауда орталықтары және базардағы сауда орындары жатады. Қосалқы жалдауға сауда алаңын таңдағанда оның орналасқан жерін, клиент тарту әлеуетін және тұрақ сияқты ыңғайлы инфрақұрылымның бар-жоғын ескеру қажет.
- Қойма үй-жайлары. Қоймаларды қосалқы жалға беру тиімді шешім болуы мүмкін, әсіресе нысан негізгі көлік тораптарының жанында орналасса. Қойманың ауданын, жабдықталуын және көліктің түрлі түрлері үшін қолжетімділігін ескеру маңызды.
- Өндірістік нысандар. Фабрикалар мен шеберханаларды да қосалқы жалға беруге болады. Мұнда үй-жайдың жай-күйі, қажетті инфрақұрылымның болуы және өндірістік қызметке рұқсат құжаттарын алу мүмкіндігі ерекше маңызды.

Аталған нысандардан бөлек, қосалқы жалға түрлі коммерциялық және тұрғын үй-жайлар, мүліктік кешендер, жер учаскелері, тіпті тұтас кәсіпорындар да ұсынылуы мүмкін. Алайда құқықтық даулар мен қақтығыстарға жол бермеу үшін қосалқы жалдаудың барлық мәмілесі нысан иесімен келісіліп, тиісті заңдық құжаттарда көрсетілуі тиіс екенін ұмытпаған жөн.
Нені қосалқы жалға беруге болмайды
Қосалқы жалдау көп мүмкіндік береді, бірақ заңнамалық шектеулерге немесе бастапқы жалдау шартының ерекше талаптарына байланысты қосалқы жалға беруге болмайтын жылжымайтын мүлік түрлері де бар. Құқық бұзушылыққа және оның салдарына жол бермеу үшін бұл шектеулерді түсіну маңызды. Қосалқы жалға берілмейтін нысандардың негізгі түрлері:
- Мемлекет берген тұрғын үй-жайлар. Мысалы, қызметтік баспананы, жатақханадағы пәтерлерді немесе аз қамтылған азаматтарға бөлінген үйлерді қосалқы жалға беруге тыйым салынған. Бұл нысандар белгілі бір санаттағы адамдарға арналған, оларды коммерциялық мақсатта пайдалануға немесе үшінші тұлғаларға беруге болмайды.
- Белгілі бір қызметке арналған тұрғын емес үй-жайлар. Кейбір нысандар, мысалы, білім беру және медициналық мекемелер немесе мәдениет нысандары, нақты қызмет түрлеріне арналған, оларды басқа мақсатқа қосалқы жалға беруге болмайды.
- Қорғалатын аймақтардағы жылжымайтын мүлік. Табиғатты қорғау, тарихи немесе мәдени тұрғыдан ерекше маңызы бар аймақтарда орналасқан нысандардың құндылығын сақтау және оларды орынсыз пайдаланудың алдын алу үшін оларды қосалқы жалға беруге де шектеу қойылады.
- Жалдау шартымен шектелген нысандар. Егер жалдау шартында қосалқы жалдауға тыйым салатын талап жазылса, жалдаушы оны сақтауға міндетті. Мұндай жағдайда нысанды меншік иесінің келісімінсіз қосалқы жалға беру шарттық міндеттемелерді бұзу болып саналады.
- Ерекше жылжымайтын мүлік нысандары. Орман учаскелеріне, жеңілдікпен немесе сауда-саттық арқылы жалға алынған мемлекеттік жерлерге және арнайы экономикалық аймақтардағы нысандарға да қосалқы жалдау шектеулері қолданылуы мүмкін. Мұндай жағдайда талаптар нақты шарт пен салалық заңнамаға байланысты.
Осы шектеулерді түсініп, жалдау шартының талаптарын сақтасаңыз, заңдық проблемалардан аулақ боласыз және қосалқы жалдау қатынастарының заңдылығын қамтамасыз етесіз. Күмән туса немесе толығырақ ақпарат қажет болса, білікті заңгерге жүгінген дұрыс.

Қосалқы жалдау шартына не жазу керек
Қосалқы жалдау шартын жасағанда барлық тараптың құқығын қорғау және ықтимал тәуекелдерді алдын ала ескеру үшін оның мазмұнын мұқият пысықтау аса маңызды. Төменде міндетті тармақтардың тізбесі және оларды тұжырымдау бойынша ұсыныстар берілген.
Қосалқы жалдау шартының міндетті тармақтары:
- тараптардың атауы: тараптардың — жеке немесе заңды тұлғалардың толық деректерін, соның ішінде мекенжайы мен ЖСН/БСН-ін көрсетіңіз;
- шарттың нысанасы: қосалқы жалдау нысанын сипаттап, оның толық мекенжайын, ауданын және оны сәйкестендіретін басқа да сипаттамаларын көрсетіңіз;
- меншік құқығы: нысанның меншік иесі кім екенін көрсетіп, меншік иесі мен жалдаушы арасындағы жалдау шарты туралы мәліметтерді қоса беріңіз;
- жалға берушінің келісімі: қосалқы жалдау жалға берушінің келісімімен жүзеге асырылатынын растаңыз, қажет болса, тиісті қосымша келісімді қоса беріңіз;
- жалдау ақысының мөлшері және оны төлеу тәртібі: соманы, төлеу кезеңділігі мен тәсілін айқындаңыз;
- кепіл мөлшері: кепіл көзделсе, оның мөлшерін және қайтару талаптарын көрсетіңіз;
- коммуналдық төлемдер: коммуналдық қызметтердің ақысын кім төлейтінін жазыңыз;
- тараптардың міндеттері: қосалқы жалға беруші мен қосалқы жалдаушының міндеттерін, соның ішінде нысанды күтіп-ұстау мен жөндеуді нақты айқындаңыз;
- шарттың қолданылу мерзімі: шарттың мерзімін белгілеңіз, ол негізгі жалдау шартының мерзімінен аспауы тиіс;
- шартты бұзу талаптары: шартты мерзімінен бұрын бұзу тәртібін, соның ішінде ықтимал негіздер мен қажетті хабарламаларды сипаттаңыз.

Талаптарды тұжырымдау бойынша ұсыныстар:
- әртүрлі түсіндіруге жол беретін екіұшты тұжырымдардан аулақ болыңыз;
- жалға алынатын нысанды пайдалану мақсатын нақты көрсетіңіз, әсіресе коммерциялық үй-жайға қатысты болса;
- қосалқы жалға берушінің нысанның жай-күйін мезгіл-мезгіл тексеруі туралы ережені енгізіңіз;
- шарт талаптарын өзгертуге немесе оны мерзімінен бұрын бұзуға байланысты рәсімдерді нақтылаңыз.
Жиі кездесетін қателер:
- қосалқы жалдау нысанының жеткілікті егжей-тегжейлі сипатталмауы;
- төлем мен коммуналдық қызметтерге жауапкершілік жөнінде нақты талаптардың болмауы;
- жалдау ақысын өзгерту тәртібінің жазылмауы;
- қосалқы жалдауға меншік иесінің келісімін алу қажеттігін елемеу.
Дұрыс жасалған қосалқы жалдау шарты көптеген ықтимал даудың алдын алып, мәміле қатысушыларының мүддесін қорғайды. Ол қосалқы жалға беруші мен қосалқы жалдаушы арасындағы қарым-қатынастың сенімді негізі болады, тараптар өз құқықтары мен міндеттерін нақты түсінеді.

Пәтерді қосалқы жалға беру: жасырын қатерлер
Пәтерді қосалқы жалға беру қосымша табыс табудың тиімді жолы болып көрінуі мүмкін, алайда бұл үдерістің ескеретін бірқатар тәуекелі мен қыр-сыры бар.
Адал емес қосалқы жалдаушылар
Ең күрделі проблемалардың бірі — төлемді кешіктіретін немесе мүлікті бүлдіретін адал емес қосалқы жалдаушыларға тап болу қаупі. Бұл тәуекелді азайту үшін үміткерлерді мұқият іріктеп, олардың құжаттарын және бұрынғы жалға берушілердің пікірін тексеру, сондай-ақ жауапкершіліктің барлық жағын нақты айқындайтын егжей-тегжейлі шарт жасау маңызды.
Меншік иелерімен проблемалар
Барлық меншік иесі қосалқы жалдауға келісе бермейді, кейбірі негізгі жалдау шартын жасағаннан кейін талаптарын өзгертуі немесе қосалқы жалдауға мүлде тыйым салуы мүмкін. Күтпеген жағдайға тап болмау үшін қосалқы жалдау мүмкіндігін бірден келісіп, меншік иесінің жазбаша келісімін алып, оны шартта бекіткен жөн.
Айыппұлдар мен санкциялар
Меншік иесінің тиісті келісімінсіз қосалқы жалға беру немесе белгілі бір шектеулер қойылған нысандарды жалға беру ауыр айыппұлдар мен заңдық салдарға әкелуі мүмкін. Заңмен қайшылыққа түспеу үшін қосалқы жалдаудың барлық жағы заңды екеніне міндетті түрде көз жеткізіңіз.
Салықтық міндеттемелер
Қосалқы жалдаудан табыс алған жалдаушы салық төлеуге міндетті. 2026 жылы жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін ЖК мәртебесі жоқ жеке тұлғалар мұндай табыстан 10% мөлшерлемемен жеке табыс салығын (ЖТС) төлейді (жылдық табыс 8 500 АЕК-тен асса, асқан сомадан — 15%) және есепті жылдан кейінгі жылдың 15 қыркүйегіне дейін 270.00 нысаны бойынша декларация тапсырады. Балама жол — өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режимі немесе ЖК ретінде тіркелу; әр режимнің шарттарын мемлекеттік кірістер органдарынан нақтылаған дұрыс. Табысты декларацияламау салықтық тексерістерге, айыппұлдар мен өсімпұлдарға әкелуі мүмкін, сондықтан күмән туса, бухгалтерге немесе салық кеңесшісіне жүгінген жөн.
Нарықтағы бәсеке
Пәтерді қосалқы жалға беру барған сайын танымал бизнеске айналып келеді, соның салдарынан бәсеке де күшейіп отыр. Бұл салада табысқа жету үшін бәсекеге қабілетті талаптар, мүмкін болса, ұсынысыңызды басқалардан ерекшелейтін қосымша жайлылықтар мен қызметтер ұсыну маңызды.
Пәтерді қосалқы жалға беру қосымша табыстың құнды көзі бола алады, бірақ кез келген инвестиция немесе бизнес-бастама сияқты, ол мұқият жоспарлауды, барлық заңдық жайттарды түсінуді және ықтимал тәуекелдерді ескеруді талап етеді. Қосалқы жалдауды меншік иесімен келісу, қосалқы жалдаушыларды мұқият іріктеу, сондай-ақ салықтық міндеттемелерді уақытылы әрі дұрыс орындау қажеттігін ұмытпаған жөн.
Тараптардың құқықтары мен міндеттері нақты жазылған қосалқы жалдау шартын мұқият рәсімдеу — болашақ қақтығыстар мен даулардың алдын алудың кілті. Барлық жасырын қатерді біліп, ескерсеңіз, заңдық және қаржылық проблемалардан аулақ болып қана қоймай, қосалқы жалдау қызметіңіздің тұрақтылығы мен табыстылығын да қамтамасыз етесіз.
Түптеп келгенде, қосалқы жалдау сәтті болуы үшін заңнама мен нарық жағдайын білу ғана емес, жылжымайтын мүлікті сауатты басқару, жалдаушылармен сенімді қарым-қатынас орнату және туындаған проблемаларды жедел шешу де қажет. Осының бәрін ескерсеңіз, қосалқы жалдау жылжымайтын мүлікке инвестиция салудың тиімді әрі сенімді тәсілі бола алады.



