Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва 25 қазанда өткен президент сайлауының екінші турында жеңіп, төртінші мерзімге сайланды. Жоғарғы сайлау сотының (TSE) деректері бойынша, ол дауыстардың шамамен 51,8%-ын жинады, Либералдық партиядан сенатор Флавио Болсонару шамамен 48,2% дауыс алды. Екеуінің арасындағы айырма шамамен 4,3 млн дауысқа жетті. Жаңа президенттік мерзім 2027 жылғы 1 қаңтарда басталады.
Хаттамалардың 98%-ға жуығы өңделген соң сот Бразилиа уақытымен кешке нәтиженің енді өзгермейтінін жариялады. Тіркелген 127,8 млн-нан астам сайлаушының 80,79%-ы дауыс берді. Дауыс санау тартысты өтті: алғашқы кезеңде Болсонару алда келді, ал Лула учаскелердің шамамен 70%-ы өңделгенде алға шығып, басымдығын соңына дейін сақтап қалды.
Лула — 1985 жылы демократия қалпына келгеннен бері бірінші турда артта қалып, президент сайлауында жеңген алғашқы саясаткер. 4 қазандағы бірінші турда Болсонару 47,03% дауыспен озып, Лула 45,16% алған еді. Екінші тур алдындағы күштер арасалмағы туралы бұрын жазғанбыз. 80 жастағы Лула ел тарихындағы ең егде сайланған мемлекет басшысы атанды. «Елге бейбітшілік пен бірлік керек», — деді ол Сан-Паулудағы сөзінде.
Флавио Болсонару сайлау қорытындысын мойындамай, оның штабы TSE-ден сайлаудың күшін жоюды талап ететінін мәлімдеді. Сенатор Жоғарғы федералдық сот судьясы Криштиану Занинның дауыс беруді бүкіл ел бойынша екі сағатқа, 19:00-ге дейін ұзарту туралы шешіміне наразы. Мұны Лула штабы сайлаушыларды тасымалдау қиындығын алға тартып сұраған. Болсонарудың айтуынша, шешім кейбір учаскелер жабылып қалған кезде қабылданған, ал оның партиясының бақылаушылары дауыс саналған бөлмеден шығарылған. Ол бұл сөзіне дәлел келтірген жоқ. Алайда оның штабының өзі де жаңбырға байланысты Сан-Паулу, Парана және Санта-Катарина штаттарының бірқатар муниципалитетінде дауыс беруді ұзартуды сұраған.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Лулаға қайта сайлануымен құттықтау жолдады. X әлеуметтік желісіндегі жазбасында ол Бразилияның ұлттық егемендікті қорғаудағы дәйекті ұстанымын, халықаралық беделін және БҰҰ реформасына қосып жүрген үлесін атап өтті.
Флавио Болсонару — бұрынғы президент Жаир Болсонарудың үлкен ұлы. 2025 жылы Бразилияның Жоғарғы соты Жаир Болсонаруды мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенді деген іс бойынша 27 жылға бас бостандығынан айырған. Сайлау науқаны қоғамдағы терең жікке бөліну аясында өтті.



