Индонезия полициясы Калимантан мен Суматра аралдарында жаздан бері жалғасып келе жатқан орман және шымтезек өрттеріне қатысты істер бойынша 11 компанияны күдікті деп таныды. Бұл туралы Джакартадағы президент сарайында өткен үкімет отырысынан кейін ұлттық полиция басшысы генерал Суйуди Арио Сето мәлімдеді. Тізімдегі үш компания шетел капиталымен жұмыс істейді, олардың атауы әзірге жария етілмей отыр. Полиция басшысының сөзінше, жауапкершілікке компаниялардың өзі ғана емес, олардың иелері мен акционерлері де тартылуы мүмкін.
Жалпы алғанда қылмыстық полиция корпорацияларға қатысты 98 істі ресми тергеу сатысына өткізді. Орман шаруашылығы министрлігі бұған қатар Орталық Калимантан провинциясындағы тағы алты компанияның орман пайдалану рұқсатын тоқтатып, оларды өртенген учаскелерді қалпына келтіруге міндеттеді. Бұл компаниялардың концессиялары 201 мың гектардан асады, оның 7,5 мың гектарын өрт шарпыған. Орман шаруашылығы министрі Раджа Джули Антонидің айтуынша, санкция қазірдің өзінде 32 орман компаниясына қолданылған. Олар жалпы аумағы 1,9 млн гектардан асатын концессияларды басқарады, оның 18,5 мың гектарға жуығы өрттен зардап шекті. Тергеу қасақана әрекетті дәлелдесе, компаниялар қылмыстық жауапқа да тартылуы мүмкін.
Өрт әлі де басылар емес. Спутниктік бағалау бойынша, жанған аумақтың жалпы көлемі шамамен 40,9 мың гектарға жетті, соңғы бір аптада тағы 185 ошақ пайда болды. Қазір жанып жатқан ең ірі өрт Орталық Калимантандағы Серуян округінде, ол шамамен 3,5 мың гектар аумақты қамтып отыр. 19 қазанда орман шаруашылығы министрлігі бір тәулікте 1104 өрт ошағын тіркеді, ал бір күн бұрын олардың саны 270 болған. Ошақтардың жартысына жуығы Орталық Калимантанда. Билік бұл провинцияның басым бөлігіндегі ауа сапасын денсаулыққа өте зиянды әрі қауіпті деп бағалады.
Президент Прабово Субианто өрт сөндіруді жеделдетуді және авиация күшін арттыруды тапсырды. Оның ішінде жасанды жаңбыр шақыру үшін құрғақ мұз шашатын Hercules әскери-көлік ұшақтарын пайдалану көзделген. Сондай-ақ президент жаңбыр маусымын күтпей, әскерилерді, полицияны және жергілікті тұрғындарды белсендірек тартуды талап етті. Үкімет отырысында ол өртеуді «экологиялық терроризм» деп атап, өз сөзімен айтқанда, «Индонезияны қорлағанды жақсы көретін» елдердің компанияларын уақыты келгенде әшкерелейтінін мәлімдеді. Президент қай мемлекеттерді меңзегенін нақтыламады.
Өрт түтіні Оңтүстік-Шығыс Азияның бір бөлігін, соның ішінде Малайзия мен Сингапурды басты. Сингапур Джакартаға өрт сөндіруге және бұлттарды себуге көмектесуді ұсынды, Малайзия ұшақтар мен мамандар жіберуге дайын екенін айтты. Алайда Индонезия бұл ұсыныстарды әзірге қабылдаған жоқ. Түтін әуе қатынасына да әсер етіп отыр: көлік министрлігінің дерегінше, 11 тамыз бен 17 қазан аралығында ол 2458 ішкі рейске кедергі келтірді. Оның 1300-ден астамы тоқтатылды немесе басқа уақытқа ауыстырылды, тағы 1080 рейс кешікті.
Индонезияда орман және шымтезек өрттері құрғақ маусымда жыл сайын дерлік қайталанады. Оларды көбіне плантация үшін жерді өртеп тазартумен байланыстырады. Тамыз айында Прабово Субианто өрт сөндіру жұмысын басқару үшін Калимантанға өзі барып, сол кезде-ақ заңсыз өртеуге кінәлілерге қатаң шара қолдануды талап еткен. Қыркүйекте ол полицияға компанияларды қылмыстық жауапкершілікке тексеруді тапсырып, тек лицензиясын қайтарып алу жеткіліксіз екенін айтқан.



