Мазмұнға өту

Мақтаарал ауданында мақта майын өңдейтін зауыт іске қосылды

Кәсіпорынның құрылысы 2025 жылғы мамырда басталып, оны алғашында 2026 жылдың үшінші тоқсанында іске қосу жоспарланған еді.

Открытие завода TABIGI MAY по переработке хлопкового масла в Мактааральском районе Туркестанской области

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында 24 қазанда мақта майын өңдейтін TABIGI MAY зауыты ашылды. Кәсіпорынды «Хамро ата» ЖШС салды. Жобаның құны 1,5 млрд теңге, зауытта 36 тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.

Зауыттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұрәлхан Көшеров қатысты. Оның айтуынша, өңірдің міндеті – мақтаны шикізат күйінде сыртқа шығармай, жергілікті жерде өңдеу. Сонда өнімнің қосылған құны мен экспорт көлемі артады. Әкімдік жаңа зауыт аудандағы мақта шикізатын өңдеу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді деп отыр.

Зауыт Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Игілік ауылында орналасқан. Құрылыс 2025 жылғы мамырда басталды. Тамыз айының соңында әкімдік жұмыстың шамамен 80%-ы орындалғанын, жабдық жеткізіліп, алаңға газ бен су тартылғанын хабарлаған еді. Ол кезде зауытты 2026 жылдың үшінші тоқсанында іске қосу жоспарланып, жобаның құны 1 млрд теңге деп бағаланған.

Мақтаарал ауданы – елдегі мақта егетін негізгі аудандардың бірі. Биыл мұнда мақта 35,5 мың гектар алқапқа егілген. Өңірде мақта жинау қыркүйекте басталды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз