Мазмұнға өту
2026 жылғы 23 қазан, жұма

Еуропарламент Erasmus+ бюджетін 47,4 млрд еуроға көбейтуді қолдады

Бағдарламаның 2028–2034 жылдарға арналған түпкілікті сомасын ЕО елдерімен әлі келісу керек, ал еуродепутаттардың айтуынша, ЕО Кеңесі оны 6,5 млрд еуродан астам сомаға қысқартуды ұсынып отыр.

Председатель Европейского парламента Роберта Мецола

Еуропа парламенті 22 қазанда Страсбургтегі пленарлық отырыста Erasmus+ бағдарламасының 2028–2034 жылдарға арналған жобасы бойынша өз ұстанымын бекітті. Депутаттар бағдарлама бюджетін 47,39 млрд еуроға жеткізуді ұсынды. Бұл Еуропалық комиссия ұсынған 40,83 млрд еуродан 6,56 млрд еуро артық. Құжатты 454 депутат қолдады, 34 депутат қарсы шықты, тағы 93 депутат қалыс қалды.

Басты жаңалық – гранттар енді қабылдаушы елдердегі, өңірлер мен қалалардағы тұрмыс құнын, тұрғын үй жалдау бағасын және инфляцияны ескеретін болады. Сонымен қатар парламент бірқатар бағытта қатысушылардың кемінде 20%-ы мүмкіндігі аз адамдар – аз қамтылған отбасылардың, шалғай өңірлердің өкілдері, мүгедектігі бар жандар болуы керек деген мақсат қойды.

Депутаттар қаражаттың шамамен 74,6%-ын білім беру мен кәсіби даярлыққа, 15%-ын жастар мен волонтерлік жобаларға, 4,1%-ын спортқа бөлуді ұсынады. Бағдарлама аясындағы ұтқырлық мүмкіндігі спортшыларға, жаттықтырушыларға және әуесқой спорт өкілдеріне де ашылады, ал Еуропалық ынтымақтастық корпусы Erasmus+ құрамына енеді. Парламент ЕО-ға кандидат елдердің бағдарламаға қатысуын жеңілдетуді және Ұлыбритания мен Швейцариямен байланысты тереңдетуді де қолдады. ЕО-ның негізгі құндылықтарын – демократияны, теңдікті, құқық үстемдігін және адам құқықтарын бұзған қатысушылар мен қаражат алушыларға санкция қолдану тәртібі жеке көрсетілді.

Еуропа парламентінің төрағасы Роберта Метсола бұл шешім бағдарламаны қолжетімді етіп, оның қаржыландыруын арттыратынын мәлімдеді. Енді парламент өз ұстанымын ЕО елдерімен келіссөзде қорғауы тиіс. «Еуропаны жаңарту» фракциясының мәдениет және білім беру комитетіндегі үйлестірушісі Лоранс Фарренгтің айтуынша, ЕО Кеңесі бағдарлама бюджетін 6,5 млрд еуродан астам сомаға қысқартуды ұсынып отыр.

Қазақстан Erasmus+ бағдарламасына серіктес ел ретінде бағдарламаның Ұлттық кеңсесі арқылы қатысады. Қазақстандық жоғары оқу орындары халықаралық кредиттік ұтқырлық (ICM), жоғары білім беру әлеуетін арттыру (CBHE), сондай-ақ Jean Monnet және Erasmus Mundus жобаларын жүзеге асырып келеді. ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігінің мәліметінше, бағдарламаның өткен кезеңдерінде мыңдаған қазақстандық студент пен оқытушы еуропалық университеттерде білім алып, тағылымдамадан өткен. 2026 жылы елдің жоғары оқу орындары іріктеуден өткен бірнеше CBHE және Jean Monnet жобасына қатысып жатыр.

Erasmus+ – Еуропалық одақтың білім беру, жастар және спорт саласындағы басты бағдарламасы. Қазіргі кезең 2021–2027 жылдарды қамтиды, оның бюджеті шамамен 26,2 млрд еуро. Келесі кезеңнен бастап Brexit-тен кейін бағдарламадан шыққан Ұлыбритания оған қайта қосылады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз