Қырғызстандық грек-рим күресінің балуаны Ақжол Махмудов 24 қазанда Астанада өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалында 82 келі салмақта жеңіліп қалды. Екі дүркін әлем чемпионы әрі екі Олимпиаданың жүлдегері түркиялық Юксел Сарычичекке 0:6 есебімен есе жіберіп, алтын медаль үшін күресу мүмкіндігінен айырылды. Махмудов 25 қазанда қола медаль үшін белдеседі.
24 жастағы Сарычичек финалда ирандық Голамреза Фарохимен кездеседі. Ол екінші жартылай финалда ресейлік Гамзат Гаджиевті 3:3 есебімен көрсеткіштер бойынша жеңді. Түркиялық балуан ересектер арасындағы әлем чемпионатының финалына алғаш рет шықты. Ол 2026 жылы Загребтегі Гран-при турнирін жеңіп алған, ал бұған дейін жастар арасындағы әлем біріншілігінде күміс жүлдегер атанған.
Жартылай финалға дейін Махмудов мысырлық Эмад Абуэлаттаны 5:1 есебімен, кейін грузиялық балуанды жеңді. Ширек финалда әзербайжандық қарсыласынан 0:6 есебімен артта қалса да, есені қайтарып, 7:6 есебімен жеңіске жетті.
Махмудов — Қырғызстан тарихында ерлер арасында күрестен тұңғыш әлем чемпионы атанған спортшы. Ол 2022 және 2023 жылдары әлем чемпионатында топ жарып, Токио Олимпиадасында күміс, Париж ойындарында қола медаль алды. Бұл жүлделердің бәрін 77 келі салмақта жеңіп алған. Биылғы чемпионат — оның 82 келі салмақтағы алғашқы әлем чемпионаты.
Күрестің барлық түрінен әлем чемпионаты Астанада 1 қарашаға дейін жалғасады. 24 қазанда жартылай финалда қазақстандық балуандар да жеңілді: Айдос Сұлтанғали мен Исхар Құрбаев та қола медаль үшін күреседі. Бұған дейін екеуі де титулды қарсыластарын жеңіп, жартылай финалға жолдама алған. Қазақстан құрамасында еркін күрестен әлем чемпиондары Ризабек Айтмұхан мен Нұрқожа Қайпанов та бар, олар грек-рим күресі балуандарынан кейін кілемге шығады.



