Мазмұнға өту

Бублик Алматыдағы жартылай финалдан кейін маусымды аяқтады

Қазақстанның бірінші ракеткасы 2026 жылы 30 рет жеңіп, 21 рет жеңіліп, 2,1 млн доллардан астам жүлде ақшасын тапты.

Казахстанский теннисист Александр Бублик

Әлемдік рейтингте 19-орында тұрған қазақстандық теннисші Александр Бублик 2026 жылы кортқа енді шықпайтынын мәлімдеді. Ол бұл туралы 24 қазанда кешке әлеуметтік желідегі тікелей эфирде айтты. Бұған дейін Бублик Алматыдағы ATP 250 санатындағы Almaty Open турнирінің жартылай финалында ресейлік Даниил Медведевпен кездесуді жарақат салдарынан аяғына дейін ойнай алмады.

Бублик бірінші сетте 3:6 есебімен ұтылып, ойынды жалғастырудан бас тартты. Турнирдің бірінші нөмірі әрі қазіргі чемпионы Медведев ойыннан кейін қарсыласының алғашқы минуттардан-ақ корт бойымен әрең қозғалғанын байқағанын айтып, жарақаты ауыр болмаса екен деді. Әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы 25 қазандағы финалда грузиялық Николоз Басилашвилимен ойнайды. Басилашвили негізгі торға іріктеу арқылы өтіп, жартылай финалда Стефанос Циципасты жеңген.

Бублик жартылай финалға ширек финалда ресейлік Карен Хачановты үш сетте ұтып жеткен еді. Ол 2026 жылғы маусымды 30 жеңіс пен 21 жеңіліспен, бір титулмен және 2 140 801 доллар жүлде ақшасымен аяқтады.

Қазақстандық теннисші жылдың жалғыз жүлдесін қаңтарда жеңіп алды: Гонконгтағы турнирдің финалында ол итальяндық Лоренцо Музеттиді ұтты, ал 12 қаңтарда алғаш рет ATP рейтингінің оныншы орнына көтерілді. Бұл — оның мансабындағы ең жоғары көрсеткіш. Қыркүйекте Бублик Лондонда өткен Лэйвер кубогында әлем құрамасының сапында ойнады, ал қазанда Шанхайдағы «Мастерс» турнирінен кейін әлемдік рейтингтің үздік жиырмалығына қайта оралды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз