Мазмұнға өту

Астанаға кіреберісте жүргізушіден 3 кг-нан астам мефедрон тәркіленді

Күдікті қалада есірткі жасырып қойған орындарды полицейлерге көрсетті, ондағы заттың бәрі алынды.

Полицейские осматривают автомобиль с мефедроном на посту у въезда в Астану

Астанаға кіреберістегі бекеттердің бірінде полицейлер Toyota көлігін тоқтатып, салонынан ұнтақ салынған алты брикет тапты. Сараптама бұл заттың мефедрон екенін, жалпы салмағы үш килограмнан асатынын растады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады. 44 жастағы жүргізуші есірткіні өткізу мақсатында сақтады және тасымалдады деген күдікке ілікті.

Полицияның дерегінше, ұсталған ер адам тасымалдаушы болған, есірткіні әрі қарай таратуға өткізбек болған. Ол қалада «закладка» жасап үлгерген жерлерді көрсетті. Ол жерлерден табылған заттың бәрі тәркіленді.

Қылмыстық іс қозғалды, күдікті қамауға алынды. Қазір полицейлер схемаға қатысы болуы мүмкін басқа адамдарды анықтап жатыр.

Күдікті есірткіге қарсы «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде ұсталды. Мефедрон – синтетикалық психостимулятор. Қазақстанда оның айналымына тыйым салынған, оны өткізу мақсатында сақтағаны және тасымалдағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Полиция синтетикалық есірткінің ірі партиясын алғаш рет ұстап отырған жоқ. Жақында Астанада тағы бір көліктен бір килограмнан астам мефедрон алынды, Көкшетауда 2,5 кг есірткісі бар орауышы ұсталды, ал Қарағанды маңында есірткі зертханасы жойылды. Ондағы шикізаттан екі тоннаға дейін мефедрон алуға болатын еді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз