Air Astana әуе компаниясы 24 қазанда Астанадан Оманның оңтүстігіндегі Салала қаласына алғашқы тікелей рейсін орындады. Бұған дейін, 23 қазанда, компания Алматыдан Салалаға ұшатын рейсті іске қосқан. Осылайша Қазақстаннан Оманға бірден екі тікелей бағыт ашылды. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, елордадан ұшқан алғашқы рейс толық жүктемемен жүзеге асты: ұшақ бортында 140 жолаушы болды. Бір күн бұрын Алматыдан ұшқан рейсте де бос орын қалмаған. Екі бағытта да Airbus A320 ұшақтары қолданылады.
Рейстер аптасына бір рет орындалады: Алматыдан – жұма, Астанадан сенбі күндері. Әуе компаниясы қазан айының басында жаңа бағыттарды жариялаған кезде экономсыныптағы барып-қайту билетінің ең төменгі бағасы Алматыдан 239 486 теңге, Астанадан 266 330 теңге болған. Бизнес-сыныпта билет тиісінше 621 849 және 612 917 теңгеден басталды.
Жаңа бағыттарға Қазақстан мен Оман үкіметтері 6 қазанда қол қойған әуе қатынасы туралы келісім негіз болды. Air Astana-дан бөлек, Алматы мен Оман астанасы Маскат арасында оманның SalamAir лоукостері ұшады. Көлік министрлігі тікелей рейстер екі ел арасындағы туристік ағынды және іскерлік байланыстарды арттырады деп күтеді.
Қазақстандық әуе компаниялары халықаралық бағыттарын кеңейтуді жалғастырып жатыр: Air Astana жыл соңына дейін Алматы – Токио рейсін ашуды жоспарлап отыр, ал FlyArystan жақында Чунцинге ұша бастады.



