Кадастрлық нөмір — Қазақстандағы әрбір жер учаскесіне берілетін бірегей сәйкестендіргіш. Ол жерді мемлекеттік тізілімдерде нақты анықтауға және мәмілелердің ашықтығын қамтамасыз етуге қажет. Әр кадастрлық нөмір бірегей, ол арқылы жер учаскесі туралы барлық мәліметті алуға болады: оның нақты орналасқан жерінен бастап сипаттамалары мен меншік құқығының тарихына дейін.
Кадастрлық нөмір жерге құқықты есепке алу мен тіркеуді жеңілдету үшін ғана қолданылмайды. Ол жерге орналастыруды жоспарлауда, жылжымайтын мүлікті бағалауда және жер учаскелерімен мәміле жасауда да маңызды рөл атқарады. Онсыз жерді сату, сатып алу немесе кепілге беру сияқты заңды операцияларды жүргізу іс жүзінде мүмкін емес.
Кадастрлық нөмір беру тәртібі
Қазақстанда жер учаскелеріне кадастрлық нөмір беру тәртібін ҚР Жер кодексі реттейді, нөмір аумақты кадастрлық бөлу негізінде беріледі. Әр сәйкестендіргіш учаскенің географиялық орнын көрсететін бірнеше бөліктен тұрады: облыстың, ауданның (қаланың), есептік кварталдың коды және квартал ішіндегі учаскенің нөмірі. Мысалы, 21-318-129-217 түріндегі нөмірді былай оқиды: алғашқы екі цифр — облыс коды, келесі үшеуі — аудан немесе қала коды, одан кейінгі үш цифр — есептік квартал коды, соңғы цифрлар — учаскенің өз нөмірі. Мұндай жүйе деректерді ретке келтіріп, кез келген жер учаскесі туралы ақпаратты іздеуді жеңілдетеді.
Кадастрлық нөмір жер учаскесі мемлекеттік органдарда алғаш тіркелген кезде беріледі, ал кейінгі әр иесіне сол нөмір өтеді. Жер жаңа меншік иесіне ауысса немесе оның кейбір сипаттамалары өзгерсе де, нөмір өзгермейді. Сонымен қатар кадастрлық нөмірде учаскенің орналасқан жері туралы ақпарат бар. Бұл жер, заң және құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін аса маңызды.
Кадастрлық нөмір қайда қолданылады
Кадастрлық нөмір жер пайдалану мен жылжымайтын мүліктің түрлі салаларында негізгі элемент болып саналады. Оның басты міндеті — әр жер учаскесін бірегей түрде сәйкестендіру. Соның арқасында жерге және жылжымайтын мүлікке қатысты көптеген рәсім жеңілдейді.
Жерді тіркеу және жермен жасалатын мәмілелер
Кадастрлық нөмір жермен жасалатын кез келген мәміле үшін қажет: сатып алу, сату, сыйға тарту және кепілге беру. Ол арқылы жер учаскесі мемлекеттік тізілімдерде тексеріледі, ал бұл — мәміле заңды болуының міндетті шарты.
Жерді пайдалануды жоспарлау
Билік кадастрлық нөмірлерді аумақтың дамуын жоспарлау және ұйымдастыру үшін, соның ішінде қала құрылысы жоспарлары мен инфрақұрылым жобаларын әзірлеу үшін пайдаланады. Бұл деректер жерді барынша тиімді пайдалану жолын анықтауға және табиғи ресурстарды басқаруға көмектеседі.
Меншік құқығын заңды қорғау
Кадастрлық нөмір жерге құқықты қорғауға көмектеседі: ол арқылы мемлекеттік тізілімдерде учаскенің кімге және қандай негізде тиесілі екені расталады. Бұл әсіресе учаскенің шекарасына немесе оған құқыққа қатысты сот дауларында маңызды.
Жер туралы ақпаратқа қол жеткізу
Кадастрлық нөмірді біле отырып, жария кадастрлық карталар мен дерекқорлар арқылы жер учаскесі туралы толық ақпарат алуға болады. Оған учаскенің көлемі, географиялық орны, құқықтар мен ауыртпалықтар, сондай-ақ өзгерістер тарихы жатады. Бұл ақпарат жерді бағалауға, салықтық есепке алуға және басқа да көптеген мақсатқа қажет.
Кадастрлық нөмірлер жер ресурстарын басқаруды едәуір жеңілдетеді және жер қатынастарын ашық етеді. Соның нәтижесінде рәсімдер азаматтар мен ұйымдар үшін қолжетімді әрі түсінікті бола түседі.
Кадастрлық нөмірді қалай білуге болады
Жер учаскесінің кадастрлық нөмірін бірнеше жолмен білуге болады, сондықтан бұл кез келген иеге немесе мүдделі адамға қолжетімді. Деректерді алудың негізгі тәсілдері:
- Жерге арналған құжаттар арқылы. Учаскенің кадастрлық нөмірі жерге құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттарында көрсетіледі: жеке меншік (жер пайдалану) құқығы актісінде, жер учаскесіне сәйкестендіру құжатында, кадастрлық паспортта. Бұл құжаттар жерді сатып алғанда немесе оны мемлекеттік органдарда тіркегенде беріледі.
- Онлайн-сервистер арқылы. Қазақстанда Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (aisgzk.kz) жұмыс істейді. Онда ақпаратты мекенжай немесе кадастрлық нөмір бойынша іздеуге болады. Белгілі деректерді, мысалы учаскенің мекенжайын енгізсеңіз, жүйе кадастрлық нөмірді және оған қатысты басқа ақпаратты көрсетеді.
- Кадастрлық карталар арқылы. Кадастрлық нөмірді онлайн қолжетімді жария кадастрлық картадан табуға болады. 2023 жылдың соңынан бастап Қазақстанда жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры негізінде жария кадастрлық карта жұмыс істейді. Ашық бөлімде учаскенің ауданын, нысаналы мақсатын, кадастрлық нөмірін, құқық түрін және ауыртпалықтарын көруге болады. Учаскені мекенжай бойынша немесе картадан іздеуге болады: керекті аумақты үлкейтіп, қажетті учаскені басу жеткілікті.
- eGov порталындағы жеке кабинет арқылы. Жер иелері eGov.kz электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетіне кіре алады. Онда олардың атына тіркелген жылжымайтын мүлік объектілері туралы деректер, соның ішінде жер учаскелерінің кадастрлық нөмірлері сақталады.
Кадастрлық нөмірді білетін жер иелері мен мүдделі тараптар жер учаскесі туралы толық ақпаратқа қол жеткізе алады. Бұл жылжымайтын мүлікпен мәміле жасағанда, жерді пайдалануды жоспарлағанда немесе құқықтық мәселелерді шешкенде маңызды.
Кадастрлық жоспар және оның элементтері
Кадастрлық жоспар — жер учаскесі туралы толық мәліметтер қамтылған ресми құжат. Ол жер иелеріне ғана емес, түрлі мемлекеттік органдарға да, жылжымайтын мүлікпен мәміле жасағанда да қажет.
Әр кадастрлық жоспарда учаскенің сызбасы, шекараларының координаттары мен ауданы, сондай-ақ кадастрлық нөмірі туралы деректер болады. Құжатта учаскедегі құрылыстар, оның нысаналы мақсаты және жер санаты туралы қосымша ақпарат та болуы мүмкін.
Кадастрлық жоспар сатып алу-сату мәмілелерін ресімдегенде, кепілге бергенде, құрылысқа рұқсат алғанда және заңдық маңызы бар басқа да операцияларда талап етіледі. Ол учаскенің шекаралары мен көлемін заңды түрде растайды. Бұл көршілермен дауды болдырмау және құрылысты жоспарлау үшін аса маңызды.
Жер учаскесінің кадастрлық нөмірі Қазақстанда жер ресурстары мен жылжымайтын мүлікті басқаруда басты рөл атқарады. Ол жерді сәйкестендіруге және тіркеуге көмектесіп қана қоймай, жылжымайтын мүлікпен жасалатын барлық операцияның ашықтығы мен құқықтық айқындығын қамтамасыз етеді. Кадастрлық нөмірдің арқасында жер иелері мен мүдделі тараптар өз құқықтары мен міндеттері туралы толық ақпаратты оңай алып, оны өз мүддесін қорғауға пайдалана алады.
Кадастрлық нөмірлер мен жоспарларды тиімді пайдалану жер ресурстарын басқаруды жақсартады, құрылыс пен инфрақұрылым саласындағы мемлекеттік және жеке жобаларды іске асыруға көмектеседі, жер пайдалану мен экология саласындағы заңнаманың сақталуын қамтамасыз етеді. Жер учаскесі бар немесе жылжымайтын мүлікке байланысты қызметпен айналысқысы келетін әр адамға бұл жүйені білу және түсіну маңызды.



