Түркістан облысы Қазығұрт ауданының Тұрбат ауылында жас жұбайдың үш ұлы дүниеге келді. Бұл – 2026 жылдың басынан бері өңірде тіркелген сегізінші үшем, деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы. Сәбилерге Хасан, Хусан және Усмон деп ат қойылды.
Босану мерзімінен бұрын, жүктіліктің 33 аптасы мен 4 күнінде болды. Отаны Түркістан облыстық №1 перинаталдық орталығының дәрігерлері жасады. Ана мен нәрестелердің жағдайы тұрақталған соң оларды үйге шығарды. Басқарманың мәліметінше, ана мен балалар үйге оралғаннан кейін де дәрігерлердің бақылауында болады.
Сәбилердің әкесі Аслидин Шапахов 28 жаста, анасы Зиеда Саидурасил 23 жаста. Жұбайлардың Турсунмурод есімді ұлы бар, енді отбасында төрт бала өсіп келеді. Отбасы көпбалалы мәртебесін алды.
Бұдан сәл бұрын облыста жылдың жетінші үшемі тіркелген еді. Олар да үш ұл, есімдері – Сұлтан, Омар және Осман. Ал маусымда Ордабасы ауданында жылдың алтыншы үшемі – үш қыз дүниеге келген. Мұндай босану ірі қалаларда да сирек кездеседі: Алматының перинаталдық орталығында бір айдың ішінде екі үшем туылғанда, мұны бүкіл ел үшін сирек жағдай деп атаған.



