Мазмұнға өту

Спорт министрлігі құрама спортшыларына білім талабын жеңілдетті

Енді колледжде оқып жүрген, кәсіптік білімі әлі жоқ ұлттық құрама мүшелерін бюджеттен жалақы төленетін нұсқаушы-спортшы лауазымына қабылдауға болады.

Казахстанские спортсмены национальных сборных
Казахстанские спортсмены завоевали 200 медалей за три месяца

Туризм және спорт министрлігі нұсқаушы-спортшы лауазымына қойылатын біліктілік талаптарын өзгертті: енді үміткердің орта білімі болса жеткілікті. Ұлттық құрама мүшелері бюджеттен жалақыны дәл осы лауазым арқылы алады. Өзгеріс Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) нұсқамасы бойынша енгізілді, бұл туралы палатаның өзі хабарлады.

Бұрынғы талаптар колледжде оқып жүрген, кәсіптік немесе жалпы орта білімін әлі аяқтамаған жас спортшыларды жұмысқа алуға және оларға жалақы төлеуге мүмкіндік бермеді. Ал олардың көбі халықаралық жарыстарда Қазақстан намысын қорғап жүр. Аудиторлардың бағалауынша, мұндай жағдай спортшыларды тең емес жағдайға қойып, спорт пен оқуды қатар алып жүруге ынталандырмаған.

Бұл мәселе ересектер арасындағы халықаралық жарыстарға, соның ішінде Олимпиада ойындарына ерте жастан қатысуға болатын спорт түрлерінде ерекше байқалады. Спорттық гимнастикада, синхронды жүзуде және мәнерлеп сырғанауда бұған 16 жастан, бокста, жүзуде және суға секіруде 19 жастан рұқсат етіледі.

Олқылық спортшыларды даярлауға, оның ішінде жоғары жетістіктер спортына бөлінген бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын тексерген мемлекеттік аудит барысында анықталды. Палата құрамаға қабылдау кезінде бейіні бойынша педагогикалық білімі, дене шынықтыру және спорт саласындағы техникалық және кәсіптік білімі немесе жалпы орта білімі бар үміткерлерді жіберуді ұсынды. Нәтижесінде министрлік үлгілік біліктілік сипаттамаларына өзгеріс енгізді.

ЖАП-тың пікірінше, жаңа норма бюджеттен қаржыландырылатын спортшыларға білімнің базалық деңгейін белгілейді және оларға үлкен спорттан кейінгі өмірге — жоғары оқу орнына түсуге, жаттықтырушылыққа ауысуға немесе басқа мамандық игеруге дайындалуға көмектеседі. Палата аудит қорытындысы бойынша берілген өзге тапсырмалар мен ұсынымдардың орындалуын бақылауды жалғастырып отыр.

Хабарлама Жоғары аудиторлық палатаның парақшасында жарияланған.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз