Мазмұнға өту
2026 жылғы 23 қазан, жұма

ШҚО-да инвестор қаржысына 11 шағын ГЭС салынбақ

Станциялар Алтайдың таулы аудандарында туристік базалар, глэмпингтер мен визит-орталықтардың дамуын тежеп отырған қуат тапшылығын жоюға тиіс.

Малые-ГЭС-планируется-построить-на-водохранилищах-трех-областей-Казахстана
Малые ГЭС планируется построить на водохранилищах трех областей Казахстана

Шығыс Қазақстан облысында Алтайдың шалғай аудандарында 11 шағын су электр станциясынан тұратын каскад салу жоспарланып отыр. Олар Катонқарағай және шекаралық Марқакөл аудандарындағы тау өзендерінде орналасады. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, жобаға бюджет қаражаты жұмсалмайды: құрылысты толығымен жеке инвесторлар қаржыландырады.

Станциялардың басты міндеті – туристік нысандарды электр қуатымен қамту. Қазір таулы аудандарда демалыс базалары, глэмпингтер мен визит-орталықтардың дамуын қуат тапшылығы тежеп отыр. «Әрбір жаңа локацияға сенімді желі мен тұрақты электрмен жабдықтау қажет», – деді әкімдіктің баспасөз қызметі. Станциялардың қуаты, инвестиция көлемі, инвесторлардың атауы мен құрылыс мерзімі әзірге айтылған жоқ.

Сонымен қатар өңірде Бұқтырма су қоймасы жағалауындағы дәстүрлі демалыс аймақтарының инфрақұрылымы жаңартылып жатыр. Жаңа Бұқтырма ауылында 20 шақырымнан астам жылу желісі ауыстырылды, 12 шақырымдық электр беру желісі тартылды, «Голубой залив» және «Новая Бухтарма» қосалқы станциялары қайта жаңартылды. Бұл жағалауда Бұқтырмадағы демалыс базаларының басым бөлігі орналасқан.

ШҚО-да шағын гидроэнергетиканы дамыту туралы бұған дейін де айтылған. 2025 жылғы қаңтарда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы жалпы қуаты 74,3 МВт болатын бес шағын ГЭС салу жоспарын хабарлаған еді. Олардың қатарында Катонқарағай мен Марқакөл аудандарындағы станциялар бар, оларды 2027–2030 жылдары іске қосу көзделген. Сол кезде облыстың гидроәлеуеті жалпы қуаты шамамен 2 ГВт болатын 95 шағын ГЭС-ке бағаланды. Инвесторлар үшін басты түйткілдің бірі ретінде орман қоры аумағынан жер алудағы қиындық аталды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз