25 қазанда, жексенбіде, Тынық мұхитында Жапонияның Огасавара архипелагы маңында алдын ала деректер бойынша магнитудасы 7,0 жер сілкінісі болды. Жапония метеорология агенттігінің мәліметінше, дүмпу жергілікті уақытпен шамамен сағат 11:10-да (Астана уақытымен 07:10) аралдардың батыс жағында тіркелген. Цунами қаупі жоқ, ескерту жарияланған жоқ.
Эпицентр солтүстік ендіктің 28 градусы мен шығыс бойлықтың 139,9 градусы тұсында орналасқан. Ошағы шамамен 470 км тереңдікте жатыр. Мұндай терең жер сілкіністері жер бетінде дәл сондай күштегі таяз ошақты сілкіністерге қарағанда әлдеқайда әлсіз сезіледі. Архипелагтағы адам тұратын Титидзима және Хахадзима аралдарында дүмпу күші жапондық сейсмикалық шкала бойынша 3 балл болды. Бұл шкаланың ең жоғары мәні — 7 балл. Зардап шеккендер мен қираулар туралы хабар түскен жоқ.
Огасавара аралдары Токиодан оңтүстікке қарай шамамен мың шақырым жерде орналасқан және әкімшілік тұрғыдан Жапония астанасына қарайды. Архипелагта тұрақты түрде 2,5 мыңға жуық адам тұрады. Аралдарға тұрақты әуе қатынасы жоқ, оған тек пароммен жетуге болады.
Огасавара өңірінде терең ошақты жер сілкіністері жиі болып тұрады. Соңғы жылдардағы ең күштісі 2015 жылғы 30 мамырда тіркелген: сол кезде жапон агенттігінің шкаласы бойынша магнитудасы 8,1 болған, шамамен 660 км тереңдіктегі дүмпу Жапонияның барлық дерлік аумағында сезіліп, он шақты адам жарақат алған. 25 қазан күні таңертең агенттік Кюсю аралының оңтүстік-шығыс жағалауы маңында магнитудасы 5,3 жер сілкінісін де тіркеді.



