Канадалық теннисші Лейла Фернандес пен чехиялық Мари Бузкова 23 қазанда Қытайдың Нинбо қаласындағы WTA 500 санатындағы турнирдің жартылай финалына шықты. Бұл жарыста бірінші нөмірмен Елена Рыбакина өнер көрсетіп жүр. Әлемдік рейтингте 30-орындағы Фернандес ресейлік Екатерина Александроваға (33-орын) бірінші сетті ұтқызғанымен, кейін ойын тізгінін қолға алып, 4:6, 6:2, 6:1 есебімен жеңді. Кездесу 2 сағат 7 минутқа созылды.
WTA рейтингінде 26-орындағы Бузкова отандасы Сара Бейлекті (32-орын) екі сетте ұтты – 6:3, 6:4. Ойын 1 сағат 49 минутқа созылды. Билли Джин Кинг кубогында Чехия құрамасының сапында бірге ойнайтын теннисшілер кортта алғаш рет кездесті.
Фернандес Александрованы екі апта ішінде екінші рет жеңді: Ухань турнирінің бірінші айналымында канадалық теннисші 6:4, 3:6, 6:3 есебімен басым түскен еді. Енді олардың өзара кездесулеріндегі есеп теңесті – 3:3. Биыл Сингапур турнирін жеңіп алған Фернандес 2026 жылы екінші рет жартылай финалға шықты. Ол соңғы 15 матчының 12-сінде жеңіске жетті. Бузкова осы маусымда WTA 250 санатындағы екі турнирде – Богота мен Ноттингемде чемпион атанды. Нинбода ол екінші айналымда лаки-лузер Анастасия Захарованы ұтты. Захарова екінші нөмірлі Ига Свёнтек турнирден бас тартқан соң негізгі торға енген болатын.
Нинбо турнирі 19–25 қазан аралығында хард кортта өтіп жатыр, жүлде қоры 1,2 млн доллардан асады. Жартылай финалға шыққан әр теннисші 66 003 доллар және 195 рейтинг ұпайын алады. Торның төменгі жартысында ширек финалға бірде-бір сұрыпталған ойыншы жетпеді: Фернандес, Александрова, Бузкова және Бейлек сұрыптаусыз ойнады.
Екінші жартылай финалдың қатысушылары торның жоғарғы жартысында анықталады. Нинбо турнирінің қазіргі чемпионы Рыбакина Полина Кудерметова ойыннан бас тартқаннан кейін ширек финалға өтті. Онда ол олимпиада чемпионы Белинда Бенчичті жолдан тайдырған польшалық іріктеу ойыншысы Катажина Кавамен (128-орын) кездеседі. Тағы бір ширек финалда америкалық Ива Йович пен ресейлік Диана Шнайдер ойнайды. Шнайдер турнир басында қазақстандық Юлия Путинцеваны жеңген. Тағы бір қазақстандық теннисші Анна Данилина жұптық сында алғашқы кезеңде тоқтады.



