Мазмұнға өту

Дана Уайт UFC турнирін Қазақстанда жақын арада өткізуге уәде берді

UFC президенті болашақ турнирдің күнін, қаласын және аренасын атамады, ал Орталық Азияда лига әлі бірде-бір турнир өткізген жоқ.

Президент UFC Дана Уайт

UFC президенті Дана Уайт әлемдегі ең ірі аралас жекпе-жек лигасы Қазақстанда турнир өткізуге дайындалып жатқанын мәлімдеді. 24 қазанда Әбу-Дабиде өткен UFC 333 турнирінен кейінгі баспасөз мәслихатында одан қазақстандық жанкүйерлер UFC кешін өз елінде қашан көретінін сұрады. «Өте жақын арада. Біз осының үстінде жұмыс істеп жатырмыз», — деп жауап берді Уайт.

UFC басшысы толығырақ мәлімет айтпады: болашақ турнирдің күні, қаласы мен өтетін орны әлі белгісіз, ұйым әзірге ресми хабарландыру жасаған жоқ. Жоспар жүзеге асса, Қазақстан Орталық Азияда UFC турнирін қабылдаған алғашқы ел болады.

Қазір UFC құрамында бес қазақстандық жекпе-жекші бар: Шавкат Рахмонов, Асу Алмабаев, Дияр Нұрғожай, Николай Веретенников және Әліби Идрис. Алмабаев ең жеңіл салмақ рейтингінде бесінші орында тұр. Бұл дивизионда қаңтарда чемпион Джошуа Ван титулын кезекті рет қорғайды. Жеңіліс көрмеген Рахмонов жартылай орта салмақтағы басты үміткерлердің бірі саналады, алайда ол жыл басында екінші отадан кейін рейтингтен шығып қалды. Веретенников 2026 жылдың басында UFC Vegas 113 турнирінде қарсыласын нокаутқа түсіріп, UFC бонусын алғаш рет алды.

UFC турнирін Қазақстанда өткізу туралы әңгіме бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Ұйым 2020 жылы маусымда елордада жекпе-жек кешін өткізуді жоспарлаған еді, алайда коронавирус пандемиясына байланысты бұл жоспардан бас тартылды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз