Мазмұнға өту
2026 жылғы 23 қазан, жұма

Балқаш маңында темір мен марганец кенін заңсыз өндіру тоқтатылды

Үш заңсыз карьер бүлдірген жерді қалпына келтіруге шамамен 485 млн теңге қажет.

Карьер с незаконной добычей железной и марганцевой руды возле посёлка Саяк под Балхашом

Қарағанды облысында Балқаш қаласына жақын Саяқ кенті маңында темір және марганец кенін заңсыз өндіру тоқтатылды. Жұмыс жер қойнауын пайдалану құқығынсыз әрі рұқсат құжаттарынсыз жүргізілген. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті хабарлады. Күдіктіге кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, тергеу жалғасып жатыр.

Агенттік мәліметінше, кен өндіруді «Vertex Co.» және «MiningMetall» ЖШС-ларының директоры ұйымдастырған. Учаскеде жалдамалы жұмысшылар экскаватор, тиегіш, өздігінен аударғыш көлік пен ұсатқыш қондырғыны пайдаланған. Кенді сол жерде ұсатып, кейін сатуға темір жолмен жөнелткен.

Тергеушілер ауқымды аршу және өндіру жұмыстарының іздері бар үш карьер анықтады. Олардан шамамен 338 мың текше метр топырақ қазып алынған. Мамандардың есебінше, бүлінген жерді қалпына келтіру мен карьерлерді рекультивациялауға шамамен 485 млн теңге қажет.

Соттың санкциясымен екі арнайы техника, бір автокөлік және коммерциялық үй-жай тұтқындалды. Агенттік өзге мәліметтерді тергеу құпиясына сілтеп, жария етпей отыр.

Соңғы айларда кенді заңсыз өндіріп, шетелге шығару фактілері басқа өңірлерде де анықталған. Бұған дейін Қаражалдан 950 млн теңгелік марганец жалған құжаттармен шетелге шығарылғаны хабарланған. Агенттік сондай-ақ алтын кенін мыс ретінде көрсетіп шығарған схеманы әшкереледі.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз