Алдағы үш жылда Астанада 10 медициналық нысан пайда болады. Олардың қатарында екі перинаталдық орталық, жаңа көпбейінді аурухана, бес емхана және жедел медициналық жәрдемнің екі қосалқы станциясы бар. Тізімді елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Бірінші вице-премьер Нұрлыбек Налибаев және Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен бірге медициналық мекемелерді аралағаннан кейін жариялады. Әкімнің айтуынша, халық саны өсіп, қолданыстағы ауруханаларға түсетін салмақ артқандықтан, қала медициналық инфрақұрылымын кеңейтіп жатыр.
Екі нысан 2026 жылы-ақ ашылады. Біріншісі – №2 қалалық көпбейінді ауруханасының бес қабатты қабылдау-диагностика кешені. Оның аумағы – 7 120 шаршы метр. Кешен тәулігіне 700–900 адамды қабылдауға есептелген, сол жағалау тұрғындарына қызмет көрсетеді. Мұнда ересектер мен акушерлік қабылдау бөлімдері, КТ, МРТ және рентген диагностикасы, ангиография операциялық бөлмесі, инсульт орталығы, травматология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері бір жерге шоғырланады. Кешенде 50 жұмыс орны ашылады.
Екінші нысан – №2 қалалық көпбейінді балалар ауруханасына салынып жатқан балалар травматология пунктінің жапсаржайы. Балаларға шұғыл травматологиялық көмек көрсету үшін онда реанимация залы, операциялық блок, КТ және рентген кабинеттері орналасады.
2027 жылы Сарыарқа ауданында 250 төсектік перинаталдық орталық ашу жоспарланған. Осы ауданда 300 төсектік көпбейінді қалалық аурухана да салынып жатыр, оны 2029 жылы аяқтау көзделген. 2026 жылдың соңында Есіл ауданында ауысымына 500 адам қабылдайтын емхананың құрылысы басталады. Мұндай тағы екі емхана 2027 жылы Сарайшық және Нұра аудандарында бой көтеруге тиіс.
Былтыр Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығының жанынан Есіл және Нұра аудандарына арналған балалар травматология пункті ашылған. Онда 10 мыңнан астам бала көмек алып, оң жағалаудағы травматология пунктіне түсетін жүктеме азайды. Сол жылы «Нұрлы жол» вокзалының маңында жеке инвестиция есебінен емхана жұмысын бастады.



