Аса ауыр салмақтағы Владислав Саможонов пен Алина Құдайгенова 25 қазанда Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионатының жартылай финалында жеңіске жетті. Екеуі де турнирдің соңғы күні, 27 қазанда, алтын медаль үшін жұдырықтасады. Осылайша Қазақстан құрамасының финалға шыққан боксшылары төртеуге жетті.
Биылғы U19 Азия чемпионы Саможонов 90 келіден жоғары салмақта әзербайжандық Сафдар Маммадзадені төрешілердің бірауызды шешімімен 5:0 есебімен жеңді. Екінші раундта рефери қарсыласына нокдаун санады. Үш дүркін Азия чемпионы Құдайгенова 57 келіге дейінгі салмақта қытайлық Чжэн Яруоны төрешілердің екіұдай шешімімен 3:2 есебімен ұтты.
Жартылай финалға шыққан тағы екі қазақстандық жеңіліп қалды. 90 келіге дейінгі салмақта Еркетан Жарқынбек украиналық Владислав Науменкоға екіұдай шешіммен 1:4 есебімен есе жіберді. Әйелдер арасында 51 келіге дейінгі салмақта Мадира Жұмахан өзбекстандық Назокат Мардоноваға 0:5 есебімен ұтылды. Әуесқой бокста үшінші орын үшін жекпе-жек өткізілмейді, сондықтан екеуі де қола медаль алады.
Жалпы жартылай финалда сегіз қазақстандық рингке шықты: олардың төртеуі алтын үшін күреседі, қалған төртеуі турнирді қола медальмен аяқтады. Финалистер саны бойынша Қазақстан Қытаймен бірге үшінші орында тұр. Бұл көрсеткіште Ресей алда: оның он боксшысы финалға шықты, Өзбекстанның алты боксшысы алтынға таласады.
Бұған дейін Зарина Толыбай мен Бибарыс Әшірбай финалға жолдама алған, ал Данияр Ақбисенов пен Индира Қыдырмолдаева жартылай финалда тоқтаған еді. Саможонов ширек финалда Германия өкілін екі рет нокдаунға жіберіп, медальді кепілдендірген. Жарқынбек те жартылай финалға жолдаманы неміс Йоан Эрнандесті жеңіп алған болатын.
World Boxing ұйымдастыратын жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты — 19 жасқа дейінгі боксшылар үшін маусымның басты турнирі. Будвада 16–27 қазан аралығында 69 ұлттық федерацияның спортшылары ерлер мен әйелдер арасындағы он-ондан салмақ дәрежесінде бақ сынап жатыр.



