Volkswagen концернінің құрамындағы неміс автоөндірушісі Audi АҚШ-тағы алғашқы зауытын салады. Құны шамамен 4 млрд доллар болатын кәсіпорын Джорджия штатының Пич округіндегі Middle Georgia Megasite өнеркәсіптік алаңында бой көтереді. Бұл туралы компания мен штат губернаторы Брайан Кемп хабарлады. Жоба 4500-ге жуық жұмыс орнын ашпақ.
Зауыт жылына 200 мыңға дейін автокөлік шығаруға есептелген. Онда Солтүстік Америка сатып алушыларына арналған премиум кроссоверлер, соның ішінде жаңа Audi Q9 құрастырылады. Reuters мәліметінше, жоспарда Q7 және Q8 үлгілері де бар. Джорджия билігінің хабарлауынша, алаңды дайындау 2027 жылы, құрылыс 2028 жылы басталады, ал кәсіпорын толық қуатына 2031 жылы шығады.
Жоба туралы АҚШ Президенті Дональд Трамп Мейкон қаласының маңындағы митингте жариялады. «Audi-дің Америкадағы мақсаты әлдеқайда ауқымды, оларды жүзеге асыруда Джорджия басты рөл атқарады», — деді компания басқармасының төрағасы Гернот Дёлльнер. Зауыт қызметкерлерін Georgia Quick Start мемлекеттік бағдарламасы даярлайды, ал алаң Саванна және Брансуик порттарымен темір жол арқылы байланысқан.
Audi-дің бұған дейін АҚШ-та өндірісі болған жоқ: компания Америка нарығына көліктерді Еуропа мен Мексикадан әкеліп, өткен жылы шамамен 1,2 млрд еуро баж төлеген. 2026 жылдың бірінші жартысында Audi көліктерінің сатылымы 7%-ға, ал АҚШ-та 16%-ға азайды. Солтүстік Америкадағы зауыт Еуропа мен Қытаймен қатар компанияның үшінші өндірістік тірегіне айналады. Audi-дің бағалауынша, бұл сауда және валюта тәуекелдерін азайтады.



