Мазмұнға өту

Алматыда ортез жасайтын алғашқы мемлекеттік зертхана ашылды

Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға медициналық көрсетілім болса, бұйымдар тегін жасалады.

Открытие первой государственной лаборатории индивидуальных ортезов в Алматы

Алматыда 24 қазанда жеке ортездерді жобалап, дайындайтын Қазақстандағы алғашқы мемлекеттік зертхана ашылды. Ортез — буындар мен аяқ-қолды бекітіп, қолдап тұратын арнайы бұйым. Зертхана Әлеуметтік қорғау саласын дамыту ұлттық ғылыми орталығының жанынан құрылды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Басты басымдық — балаларды ерте жастан ортезбен қамту. Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға медициналық көрсетілім болған жағдайда бұйымдар тегін жасалады.

Алғашқы кезеңде зертхана табанға, тобық пен тізе буындарына, сондай-ақ қол мен аяққа арналған ортездер шығарады. Бұйымдар тізімін кейін кеңейту көзделген. 2026 жылы мұнда 500 ортез, 2027 жылы 1 000, 2028 жылы 1 500 ортез жасау жоспарланған.

Әр бұйым нақты пациентке арнап жасалады. Алдымен пациент тексеруден өтеді, содан кейін дененің қажетті бөлігі 3D-сканермен сканерленеді. Ортез компьютерде модельденіп, өндіріске жіберіледі. Дайын бұйымды пациентке кигізіп көреді, өлшеміне қарай түзетеді және оны пайдалануды үйретеді. Цифрлық модель сақталатындықтан, ортезді қайта түзетуге немесе жаңадан жасауға болады. Зертхана 3D-сканермен, арнайы бағдарламалық жасақтамамен, CNC станогымен, полиуретан өңдеуге және термоқалыптауға арналған құрылғылармен жабдықталған.

Орталық мамандары өндіріспен қатар ортез қолданудың нәтижесін бағалап, технологияны жетілдіреді және дәрігерлер мен оңалту мамандарына әдістемелік ұсынымдар әзірлейді.

Зертханаға жүгінген ата-аналардың айтуынша, мемлекет тегін беретін ортез отбасыларға түсетін қаржылық жүктемені азайтады: бағасы қымбат болғандықтан, көп адам оңалту шараларын өз қалтасынан төлей алмайды.

Зертхананың ашылуына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев қатысты. Министрлік жобаны 2025–2030 жылдарға арналған Инклюзивті саясат тұжырымдамасымен байланыстырады.

Мемлекеттік ортез өндірісін құру жоспары туралы министрлік жазда хабарлаған еді: сол кезде зертхана жобасы министрдің Алматыға жұмыс сапары барысында таныстырылды. Осы уақытқа дейін Қазақстанда жеке ортездерді негізінен жекеменшік компаниялар шығарып келді, ал жоғары баға оларды көпшілікке қолжетімсіз етті. Орталықтың өзі мемлекеттік тапсырыс аясында жыл сайын 250-ге жуық жоғары технологиялы протездік-ортопедиялық бұйым дайындайды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз